Эстония Ресеймен шекарадағы көпірге бөгет орната бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
ERR телерадио кешенінің хабарлауынша, Эстония Ресеймен шекарадағы Нарва өзеніндегі Достық көпіріне ірі металл қақпалар тұрғызған.
Бұл Эстония аумағына рұқсатсыз енуден қорғайтын алғашқы қауіпсіздік жүйесі. Қазіргі кезде қақпа көпірдің автомобиль жолы бөлігін жауып тұр.
Алдағы уақытта осыған ұқсас бөгеттер жаяу жүргіншілер бөлігіне де орнатылмақ. Олар қажет жағдайда шекара бекеті аумағына көлікті кіргізбейді және шығатын көліктердің де жолын жауып тастай алады.
Нарва шекара бекетінің жетекшісі Антти Ээнсалудың сөзінше, бес жыл бұрын Ресей жағынан келетін көліктер бөгеттерді бұзып өткен. Жаңа қақпа оған жол бермейді және көпірдегі жағдайды да жақсырақ бақылауға мүмкіндік береді.
РЕСЕЙДІҢ ЖАУАБЫ
Көпірдің Ресей жағында да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр – ол жақта жаңа көлік шекара пункті құрылған.
ЭСТОНИЯ ШЕКАРАСЫ
ERR-дың жазуынша, 2025 жылы күзде Эстония Ресеймен шекараның барлық бөлігін нығайтуға кіріседі. Инженерлік топ өкілі Айнар Афанасьевтің сөзінше, құрылыс барысында қарулы жанжалдардан алынған тәжірибелер де ескерілмек: қатер төнген жағдайда инженерлер мина аймағын пайдалануды, сонымен бірге көпір мен құбырларды жаруды жоспарлауы мүмкін.