Бағанашылдағы балалар үйіндегі даудан кейін Алматы облысында екі шенеунік қызметінен кетті,деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мен ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбитов қызметінен босатылды. Екеуі де өз еркімен қызметтерінен кеткен.
Контекст
21 шілдеде Алматыдағы №1 балалар үйінде дау шыққан. Балалар үйі тәрбиеленушілерінің қарсылығына қарамастан, облыстық білім басқармасы оларды Алматыдан Қонаев қаласына ауыстырмақ болған. Сол уақытта әлеуметтік желіде тараған видеода полиция көшуге қарсы болған балаларға күш қолданғаны көрінген. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, оған тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударған. Президент тапсырмасынан кейін балалар үйі ешқайда ауыстырылмайтын болған.
Қымбат аудандағы балалар үйі
Балалар үйінің ғимараты 1963 жылы салынған. Ол уақытта Бағанашыл шағын ауданы қазіргідей қымбат аудандар қатарына енбеген. Krisha.kz сайтындағы жарнамаға қарағанда қазір мұнда жер учаскелері 31 000 000 теңгеден бастап сатылып жатыр. Осыған байланысты қоғам белсенділері балалар үйінің жері жекенің қолына өтіп кете ме деп алаңдаған.
№1 балалар үйі төңірегіндегі дау осыдан екі жыл бұрын басталған. Сол уақытта комиссия ғимаратты апатты деп таныған. Кейіннен Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартарына қол қойған. Осыдан кейін 4 миллиард теңгеге Қонаев қаласында жаңа балалар үйі салынған. Ғимаратты Damu Development Group компаниясы салған. Компания басшысы Қанат Мұхамеджанов. Niac.kz дерегінше, компанияның негізгі қызметі кешенді кеңсе-әкімшілік қызметтерімен байланысты. Сондай-ақ, Қанат Мұхамеджанов «GB ESTATE ALMATY» ЖШС басқарады.