Қазақстанда коммуналдық тарифтер тағы 20-30 пайызға қымбаттайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
2026 жылы Қазақстанда коммуналды тарифтер тағы 20-30 пайызға қымбаттайды. Бұл жөнінде табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қасымбаев мәлімдеді.
Оның сөзінше, тарифтердің өсуі энергетика және коммуналды секторды жаңғырту бағдарламасымен байланысты. Жүктеменің бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады және тарифтердің өсуі біртіндеп жүзеге асады.
«Алынған қарыз қаражаты тарифке енгізіледі, бұл негізгі қарыз сомасы мен сыйақы мөлшерлемесі. Алайда тарифке түсетін қысымды азайту үшін республикалық бюджеттен бөлінетін субсидиялар сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін өтейді. Атап айтқанда, сыйақының 10%-ы тарифке енгізілсе, одан асатын бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Осылайша, тарифтің күрт өсуін болдырмаймыз», – деді ол.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға алдағы жылдары 13 триллион теңге жұмсау қарастырылған. Бұған дейін вице-премьер Қанат Бозымбаев үкімет бұл қаржының жұмсалу бағытын бақылауда ұстайтынын айтқан.