Германия Израильге әскери техника экспортын шектеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
8 тамызда Германия Израильге әскери техниканы жеткізуді ішінара тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Газа қаласын толықтай бақылауға алу және ХАМАС ұйымын жою жөніндегі жоспарын жариялауынан кейінқабылдаған.
Германия канцлері Фридрих Мерц Израильге жағалау аумағында қолданылуы мүмкін әскери техника экспорты тоқтатылатынын хабарлады.
«Біз Газа секторында қолданылуы ықтимал қару-жарақ пен әскери техниканың экспортын, екінші бір бұйрық болғанша, рұқсат етпейміз», — деді Мерц.
Ол сонымен қатар Израиль армиясының Газадағы әскери қимылдары күшейіп жатқанын атап өтті.
Гуманитарлық жағдайға алаңдаушылық
Канцлер Мерц Израиль үкіметін жағалау аумағындағы бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізуге толық жағдай жасауға шақырды. Жақында ондаған неміс мәдениет қайраткерлері канцлерге ашық хат жолдап, Израильге қару жеткізуді тоқтатуды сұраған.
Израильдің Газаны толықтай бақылауда ұстау жоспары
8 тамызда Израильдің Қауіпсіздік кабинеті Палестинаның радикалды исламшыл қозғалысы ХАМАС-ты толық жою және Газа қаласын бақылауға алу жөніндегі жоспарды ресми түрде мақұлдады. Бұл бұл жөнінде AP және Reuters агенттіктері хабарлады.
Бұл халықаралық қауымдастықтың соғысты тоқтату жөніндегі үндеулеріне, сондай-ақ Израиль халқының арасында тұтқындардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп жатқан наразылықтарға қарамастан қабылданған шешім.
Нетаньяхудың мәлімдемесі
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұған дейін Fox News арнасына берген сұхбатында Израильдің бүкіл Газа секторын бақылауға алуға ниетті екенін мәлімдеген болатын.
«Біздің мақсатымыз – ХАМАС-ты толығымен жою және Израильге төнетін кез келген қауіптің алдын алу үшін Газаны бақылауға алу», – деді ол.
Қазіргі уақытта Израиль әскері анклавтың шамамен 75%-ын бақылауға алған.
Қақтығыстың басталуы
2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС ұйымы Израильге шабуыл жасағаннан кейін, Таяу Шығыстағы жағдай ушыққан болатын. Шабуыл кезінде шамамен 1200 адам қаза болып, 250-ден астам бейбіт тұрғын тұтқынға алынған.
Израиль осы шабуылдан кейін ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. Қарулы қақтығыстар мен бомбалау салдарынан ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, 60 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 145 мыңнан астамы жараланған. Алайда бұл мәліметтерде қанша адамның бейбіт тұрғын, қаншасының ХАМАС мүшесі екені нақты көрсетілмеген.