Кремль алдағы АҚШ-Ресей саммитін Украинадағы соғысты тоқтатуға қадамдар жасау үшін емес, АҚШ пен Еуропаның арасына сына қағу үшін пайдалануы мүмкін. Бұл жөнінде АҚШ-тың Соғысты зерттеу институты баяндамасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының (ISW) баяндамасында, сарапшылар Ресей өкілдерінің мәлімдемелерін талдай келе, Ресей бұрыннан келе жатқан әскери мақсаттарынан бас тартуға әлі дайын емес деген қорытындыға келген.
ISW болжамынша, Ресей болашақта атысты тоқтату туралы қандай да болмасын келісімді бұзып, оған Украинаны айыптауы мүмкін – Мәскеу 2025 жылдың көктемінде әлденеше рет сөйткен.
Ресейдің мақсаттарына: Украинаның НАТО-ға мүше болуына жол бермеу, Украинада ресейшіл қуыршақ үкіметтің билікке келуі және Украинаны толық қарусыздандыру, яғни оның толық капитуляциясы жатады.
Ресейдің арандатушы мәлімдемелері
ISW Ресейдің қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің Еуропаны «АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтатуына кедергі жасауға тырысты» деп айыптаған сөздеріне назар аударған. Оған қоса, Ресей либерал-демократиялық партиясының (ЛДПР) жетекшісі Леонид Слуцкий 9 тамызда еуропалық елдер «антиресейлік саясат жүргізіп, Украинада бейбітшілік ісін жылдам реттеуге кедергі келтіріп отыр» деп мәлімдеген.
Одан бөлек, ресейлік саясаттанушы Сергей Марков 10 тамызда The Washington Post газетіне берген сұхбатында, Ресей президенті Владимир Путиннің Аляскада өткелі отырған саммиттегі басты мақсаты – Украинада бейбітшілік орнатуға кедергі ретінде Ресейді емес, Украина мен Еуропаны көрсету екенін айтты. Ол, сондай-ақ, Ресейдің ешбір талапқа көнбейтінін атап өтті.
Кремльдің АҚШ, Еуропа және Украинаның бірлігін әлсірету науқаны
Сарапшылар Кремль АҚШ, Еуропа және Украинаның бірлігін әлсіретуді көздейтін кең ауқымды науқанды бұрыннан жүргізіп келе жатыр дейді. Олардың айтуынша, бұл науқан Батыстың Украинаны қолдауын шектеу және Украинаға қарсы ашқан соғысты тоқтату мәселесіне байланысты бастапқы талаптарынан бас тартқысы келмейтін Путиннен назарды басқа жаққа бұру мақсатын көздейді.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин 15 тамызда Аляскада кездеспекші.