×
542.66
631.98
6.77
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
542.66
631.98
6.77

Мектеп революциясы: Жаңа оқу жылындағы рекордтар мен жасанды интеллекттің алғашқы қадамы

Бүгін, 12:24
Мектеп революциясы: Жаңа оқу жылындағы рекордтар мен жасанды интеллекттің алғашқы қадамы

Биылғы оқу жылы — Қазақстан үшін білім саласында нағыз «халықтық рекорд» жылы болмақ. Былтыр мектеп партасына жайғасқан 3,9 миллион баланың үстіне биыл қосымша 200 мың оқушыкеледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әдетте мұндай жаңалықты естігенде көпшіліктің санасында бір ғана сұрақ пайда болады: «Ойпырмай, бұрын да сыймай жүрген балалар енді қайда отырады?». Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа оқу жылына қатысты мәлімдеме жасады. Ол 1 қыркүйекте 83 жаңа мектеп ашылып, 115 мың балаға жаңа орын дайын екенін айтып, сендірді.

Жылдың соңына дейін тағы 140 мың оқушыға арналған 111 мектеп пайдалануға беріледі. Жалпы қазіргі уақытта елде биыл қосылатыны бар, келесі жылы берілетіні бар, 267 мың орындық 232 мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ, 190 мың оқушыға арналған 245 мектепке реновация жүргізілуде. Ауылдағы 145 және қаладағы 100 мектеп жаңартудан өткен. 1 қыркүйекке дейін 127 мектептің жөндеуі аяқталады. Қазір 8 мыңға жуық мектеп бар. Оның 3 мыңы бір ауысымда, ал 4,9 мыңы екі ауысымда оқытады. 

Жасанды интеллект: мектеп табалдырығында

Биылғы білім беру жүйесіндегі ең елеулі жаңалықтардың бірі – оқу үдерісіне жасанды интеллектті енгізу. Жасанды интеллектінің тұрмыс пен білім саласына енгеніне әуелі қуанғанымен, кейін күдіктене бастағандар да болды. Алайда Оқу-ағарту министрінің айтуынша, технология дәуірінде балаларды одан алшақтатып тәрбиелеу, білім беру – уақыт талабына қайшы.

Жасанды интеллект десе, көбіміздің көз алдымызға күнделікті пайдаланатын ChatGPT секілді сервистер келеді. Шыны керек, біз әлі күнге дейін бұл технологияның мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отырмыз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Оқу-ағарту министрлігі жасанды интеллектті мектеп пәндеріне кіріктіріп, оқушыларды оны ерте жастан сауатты қолдануға үйрету қажет дейді.

«Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндерінде жасанды интеллект мүмкіндіктері оқытылады. Балалардың академиялық адалдығын сақтау мақсатында арнайы этикалық стандарттар бекітілген. Сонымен қатар 1–11-сынып оқушыларына арналған «Day of AI» онлайн курстары әзірленген. Заманауи технологияның қыр-сырын шәкіртке жеткізетін ұстаздар да арнайы дайындық курстарынан өтеді. 

Осы жаңалықпен қатар, елімізде өткен жылы басталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы да қарқын алып келеді. 2025 жылдың соңына дейін 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде олардың ішінде жаңа форматтағы 128 мектептің құрылысы аяқталған, оның 40 пайыздан астамы – ауылдық жерлерде.

Министр Ғани Бейсембаевтың айтуынша, «Келешек мектептері» моделін басқару жүйесі іске қосылады. Осы мақсатта жобаны басқару және аккредиттеу стандарттары әзірленді. Үш деңгейлі курстардан өткен үш мыңнан астам педагог жаңа оқу жылында жаңаша жүйемен жұмыс істей бастайды.

Серіктес жаңалықтары