Лондонда видео түсіремін деп басы дауға қалып, ақырында қызметінен кеткен Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қызын ұзатқан видеосы желіде жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда тойдан әсерлі сәттер, оның ішінде әкесінің қызын күйеу жігітке табыстағаны көрсетілген.
Ғабидолла Әбдірахымов 2019 жылы Лондондағы Пикадилли көшесінің бойындағы Ритц қонақүйі маңында түсірілген даулы видеодан соң қызметінен кетті. Экс-әкім Instagram-да жариялаған видеода өзін «отанымның патриотымын» деп атап, «жастарды Қазақстанда сәтті жұмыс істеп, әлемді аралап, саяхаттауға» шақырады. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде Әбдірахымовтың бұл видеосы сынға қалып, көпшілік экс-әкімнің «шенеунікке жат қылық жасағанын» жазған. Желіде Әбдірахымовтың сөзін келеке еткен видеолар да пайда болған.
Әбдірахымовтың бұған дейін де бірнеше мәлімдемесі қызу талқыға түскен. Арыстағы жарылыстан соң Шымкентке босқандар наразылыққа шыққанда көптің ортасында тұрған экс-әкім «Әйелдеріңе ие болыңдар» деп ашулана сөйлеген. Қазақстандық белсенділер шенеунікті «сексист» деп айыптаған.