Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікте отбаслық-кландық жүйе жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тоқаев педагогтарды дәстүрлі тамыз конференциясының ашылуымен құттықтап, сөз сөйледі. Ол «әділетті, таза әрі қуатты Қазақстан құрып жатырмыз» деп тағы қайталады.
«Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Билікте де «отбасылық жүйе» жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі», – деді ол.
Ол педагогтардың мемлекеттің дамуына қосып жатқан үлесі орасан зор екенін айтты.
«Бірақ өзгерістерді жасау – бір бөлек болса, оны біржола орнықтыру – бір басқа мәселе. Ол үшін, ең алдымен, қоғам санасы түбегейлі жаңғыруы қажет. Осы ретте сіздерге, яғни ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі, нағыз «Адал азамат» мектеп қабырғасында қалыптасады», – деді Тоқаев.
Қазақстанда президент немесе парламент сайлаулары кезінде мұғалімдер жиі дауға қалады. Тәуелсіз бақылаушылар мен азаматтық қоғам өкілдері билік ұстаздарды дауыс ұрлауға пайдаланады деп айыптайды. Сайлауларда әлеуметтік желілерде мектептердегі сайлау учаскелерінде мұғалімдердің бюллетеньдерді жәшікке топтап салып жатқан видеолары тараған кездер де болған.
Тоқаев президент болып 2019 жылы сайланған уақытта елде қос билік бар, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы басым екені жиі айтылған. Ақорда оны жоққа шығарған.
2024 жылы 3 қаңтарда Тоқаев мемлекеттік “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейінгі “қос билік” туралы айтқан. Тоқаев "бәзбіреулердің қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. "Билік транзиті" кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде президент әрі жоғарғы бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы президент иеленген қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді" деген.