×
540.87
632.01
6.76
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
540.87
632.01
6.76

Сирек монеталар, әшекейлер мен қылыштар: Мәсімовтің мүлкі аукционда сатылды

Бүгін, 17:15
Сирек монеталар, әшекейлер мен қылыштар: Мәсімовтің мүлкі аукционда сатылды
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке опасыздық жасағаны үшін сотталған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген мүлік әлі де сатылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz cmn.kz сайтына сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

Қайтарылған активтерді басқару компаниясының мәліметінше, 15 тамызда кезекті аукцион өткен. 37 лоттың 21-і сатылып, жалпы сомасы 10,5 млн теңгеден асты. Ең көп қызығушылықты коллекциялық монеталар тудырды. Ең қымбат лот – 2000 жылы шыққан 2 342 дана тиражбен соғылған “Elizabeth II — Алтын айдаһар” алтын монетасы. Оны 3,1 млн теңгеге сатып алды, бұл сарапшылардың бағалауымен сәйкес келеді. Ал “Кенгуру” монетасы (2005 ж.) бастапқы бағасы 1,2 млн теңгеден 1,47 млн теңгеге дейін көтерілді.

Сатылғандардың ішінде күміс монеталар да бар: 100 теңгелік “Сұлтан Бейбарыс”, 500 теңгелік “Ескі теңгелер” және “Шыңғысхан” (“Ұлы қолбасшылар” сериясынан). Олардың жалпы құны 147,5 мың теңге болды. 2010 жылғы “Луноход-1” монетасы бастапқы бағасынан жоғары – шамамен 242 мың теңгеге өтті. Сондай-ақ малайзиялық сирек дирхамдар мен алты британиялық коллекциялық монеталар жиынтығы да сатылды.

ҚЫЛЫШТАР, БАЛТАЛАР МЕН ҚАНЖАРЛАР

Қару-жарақ ішінде самурай қынабындағы қылыш ерекше көзге түсті – бағасы екі есе өсіп, 1,05 млн теңгеге жетті. Тағы екі қылыш: күміс қылыш пен халцедон элементтері бар былғары қынаптағы қылыш – 785 мың теңгеге сатылды. Мүйіз сапты, жылан терісінен қынабы бар қылыш 582 мың теңгеге өтті.

Ең әсерлі баға өсімі “Айбалта” атты екі балтада байқалды. Бастапқы бағасы небәрі 38 мың теңге болса, сауда барысында 503 мың теңгеге дейін көтерілді. Сондай-ақ үш қанжар 466 мың теңгеге, ал күміс қынаптағы кавказдық қанжар 171 мың теңгеге сатылды.

ӘШЕКЕЙЛЕР

Жеке зергерлік бұйымдар да өз иесін тапты. Білезік, сақина, сырға, алқа мен кулоннан тұратын жинақ 111 мың теңгеден сәл көбірек бағаға сатылды. Тағы бір бөлек жинақ (сырға, білезіктер мен алқадан тұратын) 79 мың теңгеге өтті.

Алайда кейбір лоттар назарға ілінбей қалды. Әсіресе 575-628 мың теңге болып бағаланған күміс қымбат сувенирлік қаламдар мен Құран сүрелері жазылған қаламдарға сұраныс болмады.

АНЫҚТАМА

2023 жылғы сәуірде сот Мәсімов пен оның орынбасарларына үкім шығарды. Экс-басшы мемлекетке опасыздық, билікті басып алуға шақыру және қызметтік өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімі бойынша ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырылды. Бұған дейін президент Тоқаев Мәсімовті кешірмейтінін айтқан.

2025 жылғы ақпан айында Мәсімов денсаулығына байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы үш рет өтініш бергені белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары