19 тамызда өтетін сот қарсаңында Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін маусым айынан бері жұмысқа жіберілмей отырған «Азаттық радиосының» (RFE/RL) 16 журналисіне аккредитацияны қайтаруға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
2024 жылы қабылданған «БАҚ туралы» заңға сәйкес, шетелдік журналистер аккредитациясыз Қазақстанда қызмет атқара алмайды.
«Батыл репортаждар маңызды орынға ие»
– «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» батыл репортаждары Қазақстан медиакеңістігінде ерекше орын алады. Біз соттың бұл жұмысты айтарлықтай шектейтін шешім шығаруынан алаңдап отырмыз. Қазақстан билігі «Азаттыққа» қысымсыз жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, шетелдік БАҚ-қа арналған шамадан тыс қатаң аккредитация заңдарын қайта қарауы тиіс, – деді Еуропа мен Орталық Азиядағы CPJ бағдарламасының үйлестірушісі Гүлноза Саид.
Министрліктің уәжі
Сыртқы істер министрлігі бюро жетекшісін қоса алғанда 16 қызметкердің аккредитациясын ұзартудан бас тартқан. Ресми себеп ретінде – журналистер өтініштер қаралып жатқан уақытта жұмысын жалғастырғаны айтылды. Бұл заң бұзушылық ретінде бағаланған.
Алайда редакция өкілдерінің айтуынша, министрлік құжаттарды қарау мерзімін өзі бұзған: екі айдың ішінде шешілуі тиіс өтініштер ұзаққа созылып, кейіннен дәл осы жағдай бас тартуға сылтау болған. Бұдан бөлек, «шетелдік БАҚ-қа» қатысты заң нормасы «Азаттық» журналистеріне жүрмейді, өйткені олардың барлығы Қазақстан азаматы.
Бұған дейін де бас тартқан
Legal Media Center өкілі Гүлмира Біржанова еске салғандай, СІМ бұған дейін де «Азаттықтың» 36 қызметкеріне аккредитация беруден және ұзартудан бас тартқан.
– Ол кезде де, қазір де анық көрініп тұр: 2024 жылғы аккредитация ережелеріне енгізілген шектеулер арнайы «Азаттыққа» бағытталған, – деп жазды ол Facebook парақшасында.
Іс сотта қаралуда
CPJ түсініктеме алу үшін Сыртқы істер министрлігіне жүгінген, бірақ әзірге жауап берілмеген.
Айта кетейік, 2025 жылдың шілдесінде «Азаттық» аккредитациядан бас тартқаны үшін СІМ-ге қарсы сотқа жүгінген еді. Ведомство бітімге келу туралы ұсынысты қабылдамаған. 18 тамызда Астанада соттағы жарыссөздер өтті. Ал түпкілікті шешім бүгін, 19 тамызда жарияланады.