Қарағандыда жол апатына кінәлі болған кәсіпкер Сергей Камаев 2,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ
Іс Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотында қаралды.
ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ
Сотталушы сотталушы кәсіпкер Сергей Камаев жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда 1 адамның өліміне, 3 адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірді деген (ҚК-нің 345-б. 3.б) айып тағылды.
СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ
2024 жылғы 2 қыркүйекте шамамен 14:15-те К. «Lexus LX570» маркалы, М968KAN мемлекеттік нөмірлі автокөлікті басқарып, Қарағанды қаласындағы К.Аманжолов көшесімен Газалиев көшесінен С.Сейфуллин даңғылы бағытына қарай сағатына 149,7 км жылдамдықпен жүріп өтіп, осы жол учаскесінде белгіленген жылдамдықты асыра отырып, алда келе жатқан көліктермен арақашықтық пен қауіпсіз бүйірлік интервалды сақтамай, тыйым салынған бағдаршам сигналына өтіп, жол жағдайын дұрыс бағаламай, сол бағытта қозғалып келе жатқан үш автокөлікпен соқтығысқан, олардың бірі соқтығысудың салдарынан қарсы қозғалыс жолағына ұшып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан көлікпен соқтығысқан. Екінші автокөлік соқтығысудың салдарынан қозғалыс бағыты бойынша жол жиегіне ұшып кетіп, жарық бағанасына соғылған. Сонымен қатар, соқтығысудан кейін Камаев қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан автокөлікпен де соқтығысқан.
Алған дене жарақаттарының салдарынан жүргізуші қайтыс болып, үш жәбірленушінің денсаулығына орташа дәрежедегі зиян келтірілген.
Сотталушының кінәсі куәлардың көрсетулерімен, сараптама қорытындысымен, жол-көлік оқиғасы болған жерден алынған бейнежазбалармен және басқа да іс материалдарымен дәлелденді.
ТАРАПТАРДЫҢ ҰСТАНЫМЫ
Прокурор Камаевқа 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруды, жазаны қауіпсіздігі ең төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуді сұрады.
Жәбірленуші тарап соттан ең жоғарғы жазаны тағайындауды талап етті.
Қорғау тарапы кәсіпкерге бас бостандығынан айырумен байланысты емес, ең жеңіл жаза тағайындауды және амнистия актісін қолдануды сұрады.
ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН
ҚК-нің 345 б. 3 б. бойынша көзделген жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
ҚК-нің 53 б. сәйкес, сот кінәсінің мойындауын, шын жүректен өкінуін, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген мүліктік залалды ерікті түрде өтеуге және моральдық зиянның орнын толтыру бойынша ішінара өтегендігін, бұрын соттылығының болмауын, денсаулығының жай-күйін, Ауғанстан Республикасындағы әскери іс-қимылдарға қатысуын және жағымды мінездемелерін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
ҚК-нің 54 б. көзделген ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
ҚК-нің 55-б. 2 б. 1) тармағына сәйкес, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жаза ҚК-нің 345 б. 3б. санкциясында көзделген жазаның ең жоғары мерзімінің немесе мөлшерінің жартысынан, яғни 5 жылдан аспауы керек.
СОТ ҮКІМІ
Заң талаптарын, орын алған салдардың ауырлығын, жәбірленушілердің пікірін, жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, сот сотталушы К.-ға 2 жыл 6 ай мерзімге нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды.
Сот азаматтық талаптарды қанағаттандырды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске сала кетейік, апат 2 қыркүйекте Аманжолов көшесінде сағат 14:15 шамасында болған. Онда алты көлік соқтығысқан. Соның салдарынан бір адам жарақат алып көз жұмды, үшеуі медициналық мекемеге жатқызылды. Сондай-ақ, Қарағандыда бұл оқиғаға белгілі кәсіпкер Сергей Камаев кінәлі екені белгілі болды, ол сотта апат кезінде есінен танып қалдым деп мәлімдеді. Ал қаза тапқан Ерлан Алдоңғаров әкімдік қызметкері болған.
Артынша Алдоңғаровтың әйелі Дана Алдоңғарова президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді. Ол мемлекет басшысының тергеуге назар аударуын сұрады, себебі оның шынайылығына күмәнмен қарады.