20 тамызда Астана әкімшілік соты Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстандағы өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) сыртқы істер министрлігіне қарсы берген әкімшілік талабын қарады. Судья Смағұлов министрліктің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеу туралы шешімін заңды деп таныды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
"Шешімді апелляцияға береміз. Сот сыртқы істер министрлігі келтірген дәйектерді қабылдады. Біздің алға тартқан уәждерімізді қабылдамады" – деді сотта Азаттықтың мүддесін қорғаған адвокат Лилия Чаусова.
АРЫЗДЫҢ МӘНІ
Бұған дейін RFE/RL-Қазақстан сотқа арыз түсіріп, министрліктің аккредитация бермеу не мерзімін ұзартпау жөніндегі шешімін заңсыз деп тануды сұраған.
Соттың бүгінгі шешімі Азаттықтың жеті тілшісіне қатысты болды. Алдағы уақытта тағы тоғыз тілшінің аккредитациясына байланысты сот тыңдалымы өтпек.
МИНИСТРЛІК УӘЖІ МЕН АЗАТТЫҚ ПОЗИЦИЯСЫ
Сыртқы істер министрлігі бұрынғы жауабында "Азаттық қызметкерлері аккредитациясыз жұмыс істеген" деп мәлімдеген. Алайда Азаттық мұнымен келіспеді. Редакция Қазақстан заңнамасын сақтай отырып, құжаттарды уақтылы тапсырғанын, бірақ министрлік нақты себепсіз өтінішті қарауды екі айға созғанын айтқан еді.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
“Құқықтық медиа орталығының” заңгері Гүлмира Біржанова сот шешімін "заңсыз" деп атады.
- Біздің ойымызша, қазақстандық журналистерді шетел журналистеріне балау дұрыс емес. Тіпті заң тұрғысынан да. Егер осы қисынды қолдансақ, Қазақстандағы шетел компаниясында істейтін қазақстандықтар ше?! Сыртқы істер министрлігі аккредитацияны ұзартуды негізсіз созды. Екі ай бойы созбалақтады. Осы аралықта су тасқыны сияқты қоғамдық-маңызы бар оқиғалар жайлы мақалалар шықты. Ол жарияланымдардың қандай қаупі бар еді? СІМ бұған жауап бермеді. “Аккредитация болмаса, журналистер мақала жазбауы тиіс еді” деген уәжбен келіспейміз. Конституцияның 20-бабы сөз еркіндігіне кепілдік береді. Қазақстандық журналистерді шетел журналистеріне теңеу – Конституцияға қайшы, деді ол “Азаттыққа” берген сұхбатында.
Біржанованың сөзінше, 28 тамызда тағы тоғыз журналистің ісі қаралады. Алайда ол үміт аз екенін, Конституциялық сотқа жүгіну қажеттігін айтты.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының мәлімдемесі
Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стивен Капус та өз пікірін білдірді.
- Журналистика – қылмыс емес және журналистеріміз жұмыс істегені үшін жазаланбауы керек. Бұл шешім сөз бостандығына кепілдік беретін Қазақстан Конституциясына кереғар. Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақстан халқы жоғары бағалайтын аса маңызды қоғамдық қызмет атқарып отыр. Журналистика – қылмыс емес және журналистеріміз жұмыс істегені үшін жазаланбауы керек. Жалпы алғанда осы маңызды мәселені ашығырақ әрі бірігіп шешуді қолдаймыз, дейді Капус.