2025 жылдың 24 шілдесінен 9 тамызына дейін DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы қазақстандықтар арасында «Тіл саясатының тиімділігі және қазақ тілін дамыту» тақырыбында сауалнама өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тіл саясатына көзқарас
Factcheck мәліметінше, респонденттердің пікірі екіге бөлінді: 33,8%-і барлық тіл топтарының құқығын тең сақтап, тіл алуандығын қолдаса, 30,8%-і қазақ тілін белсенді дамыту қажет, бірақ орыс және ағылшын тілдерінің рөлін де сақтау керек деп санайды.
Мемлекеттік саясаттың тиімділігіне баға
Кәсіби қызмет пен мансапта қазақ тілінің рөлі басым – 80,1% қазақ тілін білу қажет деп есептейді. 35,5% үшін орыс тілі маңызды болса, 23,8% ағылшын тілін атаған.
Сауалнамаға қатысқандардың 47,2%-і қолданыстағы тіл саясатын өте тиімді деп бағаласа, 18,2%-і «жартылай тиімді» деп жауап берген. Ал 28,5%-і қазіргі саясатты нәтижесіз деп санайды.
Қанағаттанушылық деңгейіндегі айырмашылық
Қазақ тілін дамыту саясатына көңілі толмайтындар орыстілді респонденттер арасында көбірек (33,6%). Екі тілділер арасында – 24,1%, қазақтілділерде – 19,4%.
Үш тұғырлы тіл идеясы
2006 жылы басталған үш тұғырлы тіл тұжырымдамасы (қазақ, орыс, ағылшын) әлі де өзекті деп санайтындар – 50,7%. 32,8%-і «өзекті шығар» десе, 12,7%-і мүлдем өзекті емес деген пікірде.
Қазақ тілін дамытуға кедергілер
Сауалнама нәтижесінде мына мәселелер негізгі кедергі ретінде аталды:
кәсіби оқытушылардың жетіспеуі – 26,4%;
халықтың ынтасының төмендігі – 23,9%;
сапалы оқу құралдары мен орталықтардың тапшылығы – 21,5%;
оқыту әдістемесінің тиімсіздігі – 16,3%;
Ресей ақпарат кеңістігінің ықпалы – 15,7%;
жемқорлық – 12,2%;
тілдің қолданыс аясының тарлығы – 9,2%.
Ал 17,4% еш кедергі жоқ деп есептейді.
Қазақ тілін дамытуға тиімді шаралар
Ең тиімді қадамдар ретінде мыналар көрсетілді:
мектеп пен ЖОО-да оқыту сапасын арттыру – 39,8%;
мемлекеттік қызмет пен қызмет көрсету саласында тіл талабын күшейту – 26,6%;
ересектерге арналған тегін курстар – 25,3%;
қоғамдық бастамаларды қолдау – 21,1%;
медиа, кино және музыка арқылы дамыту – 19%.
Қай тілде білім сапасы жоғары?
Жауап бергендердің 37,7%-і қазақ тілінде білім сапасы жоғары десе, 23,3%-і орыс тілін атаған, 4%-і ағылшын тілін көрсеткен. 27,6%-і білім сапасы оқу тіліне байланысты емес деп есептейді.
Қазақтілділердің 53,5%-і қазақ тіліндегі білім сапалы деп санайды. Ал орыстілділердің 45,3%-і орыс тілін атаған. Екі тілділердің үштен бірі (33,5%) орыс тілінде білім жақсы десе, төрттен бірі (25,9%) қазақ тілін сапалы санаған.
Ересектердің қазақ тілін үйренуі
Респонденттердің жартысына жуығы 18 жастан кейін қазақ тілін меңгерген адамды кездестірмеген. 33,5%-і сирек кездескенін айтса, 15,5%-і ондай мысалдарды жиі кездестірген.
Әдістеме
Сауалнамаға 17 өңір мен үш мегаполистен 1100 адам қатысты. Оның 68,6%-і қазақ тілінде, 31,4%-і орыс тілінде жауап берді. Респонденттердің 78,5%-і қазақ, 10,4%-і орыс, 10,7%-і өзге ұлт өкілдері болды. Қала тұрғындары – 66,9%, ауыл тұрғындары – 32,7%. Қате ықтималдығы – 3%-тен аспайды.