Абай облысындағы Үржар ауданында болған жантүршігерлік жол апаты дүйім елді есеңгіретті. Аулада алаңсыз ойнап жүрген алты баланы көлік қағып, олардың үшеуі қаза тапты. Марқұмдардың ең кішісі небәрі екі жаста еді. Ал ауыр жарақат алған тағы үш бала қазір дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
55 жастағы жүргізуші қамауға алынып, полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу жол апатының себеп-салдарын анықтап жатыр.
Қара жамылған ауыл
Бестерек ауылында қара жамылған отбасыларға көңіл айтып келушілер әлі де толастар емес. Қаза болғандардың бірі екі жаста болса, үлкені сегіз жаста. Екі қыз ата-әжесіне қыдырып келген екен. Олардың ата-аналары ауыр қайғыдан әлі есін жия алмай отыр. Жол апаты қос әулеттің ғана емес, бүтін ауылдың қабырғасын қайыстырды.
Куәгерлердің айтқаны
Информбюро мәліметінше, куәгерлердің сөзінше, көлік жол жиегінен шығып кетіп, үйдің қақпасына соғылған соң аулада ойнап жүрген балаларды басып өткен. Қираған қақпа мен қоршау әлі сол күйі жатыр.
- Қақпаның жанындағы бір қызды қаққан бірінші. Кейін қақпаны қақты. Қақпаның ішінде балалар отырған. Дөңгелекке екі бала қыстырылып қалды. Погрузчикпен машинаны көтеріп, балаларды шығардық, – дейді марқұмдардың туысы Ерболат Сүйгенбаев.
Жарақат алған балалардың жағдайы
6-9 жас аралығындағы үш бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Екеуі санавиация арқылы Астанаға жөнелтілді. Ал аудандық ауруханада жатқан қыздың жағдайы өте ауыр.
- Әрбір ота екі сағатқа созылды. Біріншісі – бауыр мен ішек зақымданғандықтан жасалды. Екіншісі – бас миының ісінуіне байланысты өтті. Қыздың өміріне үлкен қауіп төніп тұр. Жарақаттары күрделі әрі ауыр, – деді нейрохирург Сапарбек Сейітбеков.
Жүргізушінің ұлы түсініктеме берді
Жол апатына себепші болған 55 жастағы күдікті осы ауылдың тумасы. Оның балаларының айтуынша, әкелерінің жүрегі ұстап, тізгінге ие бола алмай қалған.
- Ұстамасы басталғаннан кейін рөлге ие бола алмады. Анам қасында болған. Бәрі қас-қағым сәтте болды. Өте қайғылы жағдай. Біз көңіл айттық, кешірім сұрадық. Олар да түсіністікпен қарап отыр. Ешкімнің басына мұндай қайғы түспесін, – деді күдіктінің ұлы Ерқанат Серіқұлы.
Медициналық сараптама жүргізушінің мас болмағанын және есірткі қолданбағанын растады.
Тергеу жалғасуда
Қазір полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр.