Елдің үш өңірінде орыс тілінде оқытатын бірде-бір мектеп қалмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Статистика
Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы орыс мектептерінің саны 2020/2021 оқу жылындағы 1160-тан 2024/2025 жылы 970-ке дейін қысқарған. Осылайша, соңғы 5 жылда 190 оқу орны жабылды. Сол кезеңде ондағы оқушылар саны да шамамен 85 мыңға азайып, 310 мың балаға жеткен.
Өңірлердегі жағдай
Қалған 970 орыс мектебінің 710-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Көбіне бұл шағын жинақты мектептер, оларда 75 мыңға жуық бала білім алады. Ал 260 қалалық мектепте 235,7 мың оқушы бар.
Орыс тілді мектебі жоқ өңірлер
Сонымен қатар, Қазақстанның үш өңірінде тек орыс тілінде оқытатын бірде-бір мектеп қалмаған. Олар — Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласы. Мұндай деректерді RTVI ұлттық «Қазақстан білім статистикасы» жинағына сілтеме жасап келтіреді.