Бауыржан Байбектің әпкесінің аты сотталған жалғызбасты ананың туыстары ұйымдастырған баспасөз мәслихатында аталды. Қазақстандық әйелдің айтуынша, қызды 7 жылға әділетсіз соттаған. Толығырақ Ulysmedia.kz материалында.
Толығырақ
Ризагүл Махметованың туыстары баспасөз мәслихатын өткізіп, екі кішкентай баланың анасын 281 млн теңгені жымқырды деп заңсыз айыптағанын айтты. Туыстарының сөзінше, Махметова өз кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтарды сотта ұсынған, бірақ процесс «біржақты» өткен. Өйткені істегі жәбірленуші кезінде ықпалды шенеунік болған Бауыржан Байбектің әпкесі Айгүл Байбек еді. Ризагүл Айгүл Байбекке тиесілі Aray Media Group ЖШС-інде бухгалтер болып істеген. Оған «Дос-Мұқасан» тобы мен Қаныш Сәтбаев туралы фильмдер түсіру кезінде бөлінген ақшаны иемденді деген айып тағылды. Неге екені белгісіз, кинокартиналарға бөлінген барлық ақша Махметованың жеке шоттары арқылы өткен.
– Ол Aray Media Group ЖШС-нің қарапайым бухгалтері болды. Қатардағы қызметкер ретінде барлық әрекетті Абишева Мадина мен Айгүл Байбектің тікелей тапсырмасымен жасады. Дәл солар салықты оңтайландыру және есеп айырысуды жеңілдету үшін ақшаны оның есепшоттары арқылы жүргізуді өтінген. Әрбір аударымға чектер, орындалған жұмыстардың актілері бар, сараптама да хищение болмағанын көрсетті. Ең бастысы – істе жәбірленушілер жоқ, барлық жұмысшылар мен мердігерлер өз еңбекақысын алған. Мемлекеттік сатып алу бойынша барлық есеп тапсырылған. Айгүл Байбек полицияға арызданғаннан кейін, ол сараптама жасатты. (Байбектер тарабы – ред.) аудиторларға тек есепшот үзінділерін беріп, олардың негізінде Ризагүлге аударылған аванстар мен жалақыны көрсетті. Бірақ аванстық есептер, чектер, накладнойлар, актілер сарапшыға берілмеген. Яғни олар ақшаның қайда кеткенін көрсететін деректерді ұсынбаған. Әрине, сарапшылар біржақты қорытынды шығарады.
«Байбек әдейі құрбан етті»
Сотталған әйелдің әпкесі Мөлдір Махметованың айтуынша, Ризагүл жинаған құжаттарды сот қабылдамаған, мемлекеттік сарапшының қорытындысы ғана басым деп танылған.
– Неге сот тек бір жақтың сөзін қабылдап, қарапайым адамдарға өзін қорғауға мүмкіндік бермейді? Әпкем не үшін түрмеде отыр? Жауап айқын: әпкемді ықпалды Айгүл Байбек әдейі құрбан етті. Ол кезінде өте ықпалды болған Бауыржан Байбектің әпкесі. Оның билігі де, байланысы да бар. Олар оңай жауапкершіліктен қашады, – деді ол.
«Ризагүлге қарсы шығу»
Ризагүлдің туыстарының айтуынша, Байбек басқа бір қызметкерге қысым көрсетіп, оны «Ризагүлге қарсы шығуға» мәжбүрлеген.
– Директор Абишеваға ол – Ризагүл мұны сотта айтқан, бірақ ескерілмеді. Ол Байбектің Абишеваға қысым көрсеткенін жеткізді. Тіпті «Ризагүлге қарсы шық» деген хабарлама да бар. Сол сөзден кейін Абишева Мадина шынымен Ризагүлге қарсы шықты.
Залал
Журналистердің алдында адвокат Гүлмира Шалдыкова да сөз сөйледі. Ол да сотқа дейінгі тергеу де, сот процесінің өзі де заңбұзушылықтармен өткенін атап өтті.
– Атап айтқанда, тергеу мерзімдері бұзылды. Тергеу 1,5 жылдан астам уақыт жүргізілді. Қылмыстық іс материалдарында тергеу тек 3 ай жүргізілді және оның ұзартылмағаны туралы ғана құжаттар бар. Тергеудің үстірт жүргізілгені сезілді. Олар менің қорғауымдағы адамның уәждерін де, менің қосымша экономикалық зерттеу жүргізу керек деген уәжімді де тексермеді, – деді адвокат.
Шалдыкованың айтуынша, барлық процестерде сотқа Байбектің аудитор қызметкері қатысқан және әр жолы сотқа өзінің көлігімен келген.
– Үкімде Ризагүл 281 млн теңгеден астам қаржыны жымқырды делінген, оның ішінде 66 млн теңгені қайта аударғаны жазылған. Бірақ үкімде бұл 66 млн теңге де залал ретінде көрсетілген. Яғни мұнда қайшылық бар, алайда сот оны жойған жоқ, – деді Шалдыкова.
Ulysmedia.kz тілшісі түсініктеме алу үшін Aray Media Group ЖШС-не жүгінген, алайда жауап алынбады.