АЭС құрылысына қарсы бес белсенді сотында судья Ернар Қасымбеков журналистерді сот залынан шығарып жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz .
«СОБР, мына кісілерді шығарып жіберіңіздер»
25 тамызда Алматының Алмалы аудандық сотында былтыр атом электр станциясын салуға қарсы шыққан бес белсендінің сотында судья Ернар Қасымбеков ешқандай себебін түсіндірместен полиция мен арнайы жасаққа нұсқау беріп, журналистерді сот залынан шығарып жіберді.
Ернар Қасымбеков залға кіре салып, журналистерге нұсқап, «СОБР, мына кісілерді шығарып жіберіңіздер» деді. Осыдан кейін полиция мен арнайы жасақ журналистерді залдан шығарып жіберді.
«Қасымбеков не үшін шығарғанын түсіндіріп көрген жоқ»
Бұған дейінгі сот отырысында The Qazaq Times сайтының бас редакторы Қойшыбек Мүбарак пен блогер Абзал Достияровты залдан шығарған.
«Жалпы Ернар Қасымбеков Қаңтар соттарында да залдан шығарып жіберген. Қанды Қаңтар кезінде азаптауға байланысты осында соттар болды. Сол соттардың әр отырысына келіп отырдым. Ешқандай түсіндірмей, әр отырысында шығарып жіберді. Сот залында заңдылықты сақтайтын адамның өзі заңдылықты сақтамайды. Екіншіден, не үшін шығарғанын түсіндіріп көрген жоқ бұған дейін», – деді Қойшыбек Мүбарак Ulysmedia тілшісіне.
Ол судьяның бүгінгі әрекетін бұған дейін сотта Ернар Қасымбековтің сотқа келген әрбір адамның қасына барып, жеке-жеке қолымен нұсқап, адамдарды залдан шығарғаны туралы видео жариялаумен түсіндіреді. Қойшыбек Мүбарактің сөзінше, сол видео жариялағаннан кейін, ол желіде қызу талқыланған.
«Оған себеп болған мына дүние болуы мүмкін. Судья Қасымбековтің өзі мінберден тұрып, залда отырған адамдарды қолымен нұсқап, «сен шық, сен шық» деп шығарған. Біздің кадрда сол кетті», – деді ол.
Қылмыстық іс
Бүгін сот отырысында іс бойынша күдікті деп танылған белсенділер Жанат Қазақбай, Нұрлан Жаулыбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбараковты соңғы сөз айтады. Бұған дейін прокурор барлығын қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот үкімі ертең шығады.