×
535.99
626.36
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
535.99
626.36
6.64

Назарбаевтың немересі ақшаны офшорға қалай шығарған?

Бүгін, 11:01
Назарбаевтың немересі ақшаны офшорға қалай шығарған?
Ulysmedia.kz коллажы

Жақында Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиев өзі туралы «Темір адам» атты деректі фильмін таныстырды. Фильмнің желісі қарапайым: басты кейіпкер рухани тәжірибелермен азаптанып, триатлонда жетістікке жетуге тырысады. Ulysmedia.kz нұсқасы бойынша, Нұрәлі спорттық жеңістерге қол жеткізе алмаған, шамасы бұл оның саласы емес. Бірақ басқа жағынан ол нағыз шебер, елден ақша шығару ісінде нағыз «маманы» болып, бұл бойынша шынымен де шеберлік сабағын өткізе алады.

Атасының ізімен

Әкесi Рахат Әлиевтен айырмашылығы, ол ресми дерек бойынша Австрия түрмесінде өзіне қол салған, ал Нұрәлі атасы Нұрсұлтан Назарбаевпен текетіреске түскен жоқ. Ол республикадағы қоғамдық өмірде көзге түсуге ұмтылмай, көлеңкеде қалғанды жөн көрді.

Еңбек жолын Әлиев 2004 жылы әкесіне тиесілі «Қант орталығы» АҚ президенті қызметінен бастады. Екі жылдан кейін «Нұрбанк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болды. 2007 жылдың ақпанында банктің топ-менеджерлері Жолдас Теміралиев пен Айбар Хасеновты ұрлап өлтіру дауы шыққаннан кейін, Нұрәлі басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметті бұған дейін Жолдас Теміралиев атқарған еді, ал оның азаптау іздері бар денесі тек төрт жылдан соң табылды. Нұрәлі өзінен бұрынғы адамның тағдырына қызығушылық танытты ма, жоқ па тарих үнсіз.

Назарбаевтың немересінің мансабы бұдан кейін де қарқынды өсе берді. 2008 жылы ол Қазақстан Даму банкінің вице-президенті, 2013 жылы «Транстелеком» АҚ басқарма төрағасы болды. 2014 жылы, небәрі 29 жасында Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Салық

Шетелдік БАҚ-тың пікірінше, Нұрәлиді Назарбаевтың мұрагері ретінде қарастырған. Алайда Халықаралық журналистердің зерттеу консорциумы (ICIJ) мен Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) қолына «Панамалық досье» деп аталған құжаттар – офшорларға қаржы шығарып отырған клиенттерді сүйемелдеген Mossack Fonseca заң фирмасының архивтері түсті. Сол тізімде Нұрәлі Әлиев те болған.

Алғашында OCCRP мен ICIJ журналистері одан пікір сұрағанымен, жауап ала алмады. Артынша оның әкімдіктегі қызметінен кеткені белгілі болды.

– Құжаттар Нұрәлі Әлиевтің, президенттің немересі әрі Дариға Назарбаеваның ұлының, өз қаржысын қайда сақтап, мүлкін қайда рәсімдеу керегін ойланбастан шешкенін көрсетеді: ол британдық Виргин аралдарында – ең жабық офшорлардың бірінде тіркелген екі компанияның иесі болып, оларды банктік операциялар үшін пайдаланған, – делінген зерттеуде.

Осы компаниялардың бірі – Alba International Кипрде, тағы бір «салықтық райда», есепшот ашқан.

«Люкс» яхта, Лондондағы үй

«Панамалық досьеден» Baltimore Alliance Inc компаниясы арқылы 2008 жылдың сәуірінде Әлиев Испанияда жасалған Astondoa-76 маркалы 24 метрлік яхтаны сатып алғаны белгілі болды. Нақты сома жария етілмесе де, мұндай кемелер шамамен 1,8 млн еуро тұрған. Кемені британдық Виргин аралдарында «Nomad» атауымен тіркеген. Ал Әлиевтің тегі Baltimore Alliance Inc реестрінде көрінген.

Алайда яхта қайғылы жағдайға тап болды: Генуя (Италия) портынан Дубайға тасымалдау кезінде құлап, қатты зақымданды. Соның салдарынан сот даулары басталды. 2011 жылы Нұрәлі яхтаны верфьке қайтарып, орнына одан да үлкен кеме жасауға тапсырыс берген. Бірақ ол жоба да жүзеге аспаған. Мүмкін, осы сәтсіздіктен кейін Әлиев триатлонға әуестенген шығар.

Бірақ бұл оның жалғыз шетелдік сатып алуы емес. 2018 жылы америкалық Quartz жаңалық сайтында Панамалық құжаттарға сүйене отырып, Лондондағы Бейкер-стриттегі танымал үйлердің Қазақстаннан шыққан тұлғаларға тиесілі болуы мүмкін деген мақала шықты. Олардың ішінде Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиев пен Дариға Назарбаеваның аты аталған.

Айта кетейік, 2020 жылы Ұлыбритания құқық қорғаушылары Лондонда Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевке тиесілі жылжымайтын мүлікті «негізсіз байлық» ретінде тұтқындаған. Алайда сотта олар өз меншік құқығын қорғап қала алды.

ЛРТ дауы

2022 жылы Қазақстан астанасында ЛРТ желісін салу кезінде болған ауқымды қаржы жымқыру ісі бойынша атышулы сот процесі басталды. Айыпталушылардың өздері жобаны Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрали Әлиев және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар лоббилегенін ашық мәлімдеді.

– Неге бұл істі ешкім тергемейді? Неге біз 257 миллион долларды Нұрәлі Әлиевке сыйлауымыз керек, – деген риторикалық сұрақ қойған еді айыпталушы Талғат Әшім, деп жазады «Сот репортажы».

Алайда сот Нұрәлидің өзіне қызығушылық танытпай, процеске қатысушыларды ғана кінәлі деп танып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырды. Нұрәлі Әлиевтің рөлі көлеңкеде қалып қойды.

Қорытынды

«Рухани ізденістер» жайлы фильм түсіруден бұрын, Нұрәлі Әлиев алдымен өзінде ақша қайдан пайда болғанын, не үшін офшорлық аймақтарда компаниялар ашқанын, неге ЛРТ ісіндегі фигуранттар оны жүздеген миллион доллардың жымқырылуымен байланыстыратынын түсіндіргені жөн болар еді. Ол өз орнын басқан Жолдас Теміралиевтің қайда жоғалып кеткенін білді ме екен?

Бұл уақытта Қазақстанда билік бюджет толықтыру мен әлеуметтік саланы қаржыландыру үшін қаржы іздеп, халыққа ұнамайтын салықтық шараларға баруға мәжбүр. Бірақ, бәлкім, халықтың мобильді аударымдарын қадағалағаннан гөрі, бай-бағландарға назар аударып, олардан яхта мен сарай сатып алу үшін табыс декларациясын талап етіп, офшорларға қанша ақша аударғанын сұрап, банктік транзакцияларын тексеру керек шығар. Сонда, кім біледі, ЛРТ жобасынан жоғалған 257 млн доллардың ізі табылып қалар.

Айта кетейік, Forbes Kazakhstan журналының дерегінше, 40 жастағы Нұрәлі Әлиев 289 млн АҚШ долларымен байлар рейтингінде 39-орында тұр. Ол – «Capital Holding» ЖШС мен «Darmen Holding» ЖШС-нің негізгі акционері. Сондай-ақ оған Дубайдағы (БАӘ) Donatello Hotels and Resorts, Алматыдағы Donatello Boutique Hotel, Алматы мен Астанадағы бірнеше мейрамхана тиесілі.

Серіктес жаңалықтары