Түркістан қаласында жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасалды. Түсік тастау қаупіне байланысты шақыртуға барған 26 жастағы фельдшер Құдірет Мүтәліповті науқастың күйеуі ұрып-соққан. Миы шайқалған медицина қызметкері қазір ауруханада жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қызметтік міндетін атқарып жүріп соққыға жығылды
КТК телеарнасының мәліметінше, фельдшер Құдірет Мүтәліпов жүкті әйелге көмек көрсету үшін практикантпен бірге шақырту орнына барған. Ол ішті ұстап тексерген сәтте, жанында тұрған келіншектің күйеуі ашуға мініп, медицина қызметкеріне қол жұмсаған.
Практикант Жанель Қуанышбектің айтуынша, ер адам алдымен фельдшердің бетінен ұрып, кейін қабырғаға соғып, бірнеше рет тепкен.
- Басы қабырғаға соғылып, мең-зең болды. Аяғымен екі рет қатты тепті. Соңында анасын араластырған соң ғана тоқтады, – дейді ол.
Ауыр жарақат алды
Соққыдан кейін Мүтәліповке жедел жәрдем шақырылып, ол ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жабық бас жарақатын, миының шайқалуын және көз айналасындағы тіндердің зақымданғанын анықтады. Түркістан орталық ауруханасының бас дәрігері Бекзат Берденов науқастың жағдайын «орташа ауыр» деп бағалап отыр.
Жұмыс орны сақталады
Фельдшердің денсаулығына байланысты Түркістан облыстық жедел жәрдем стансасы оның жұмыс орны сақталатынын мәлімдеді. Станса заңгері Нұрмұхан Абдулланың айтуынша, оқиғаға қатысты тараптар татуласқан, зардап шегуші кешірім берген.
- Ешқандай арыз түскен жоқ. Біз еңбек инспекциясына хабарлап, қажетті құжаттарды жолдаймыз, – деді ол.
Полиция үнсіз
Оқиғаға қатысты Түркістан облысы полиция департаменті әзірге түсініктеме берген жоқ. Жәбір көрсеткен азамат туралы да ресми ақпарат жоқ. Ал соққыға жығылған фельдшер әлі біраз уақыт ауруханада емделеді.
Заң
Айта кетейік, Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жаза күшейтіледі. Енді дәрігерлерге шабуыл жасағандар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.