Қазақстанның түкпір-түкпіріне Астанадағы жетекші жоғары оқу орындарының бірінің жатақханасы маңындағы студенттердің топталып тұрған видеосы тарап кетті. Көрші көпқабатты үйлердің тұрғындары мұндай көрініс жыл сайын қайталанатынын айтады. Бұл, кем дегенде, студенттерді жатақханаға қоныстандыру процесіне қатысты орынды сұрақтар туындатады. Бейнероликтің астындағы пікірлерде адамдар өз орындарын сағаттап күтуге мәжбүр екеніне, сондай-ақ бөлмелердің шамадан тыс толып кеткеніне шағымданған. Ulysmedia.kz тілшісі жағдайды анықтау үшін жатақханаға барды.
Оқиға орнындағы жағдай
Қазіргі студенттер өздерінің басынан өткен оқиғаларын түгелдей дерлік әлеуметтік желілерде жариялапа отырады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаңа жатақханаларының бірінде орын бөлу барысындағы жағдай да көпшіліктен жасырын қалмады. Есіктің алдында жатақханадағы бөлмесін күткен ондаған студент тұрған видео әлеуметтік желілерде тез тарап кетті.
Ғимарат алдында ұзын-сонар кезек пайда болып, жаңа оқу жылына инфрақұрылымның дайындығына қатысты сауал туындады. Бейнежазба астындағы пікірлерде адамдар таңғы үштен бастап кезекке тұрғандарын, қолда жазылған тізімдер мен орын бөлу үшін көп сағат бойы күткенін жазған. Сондай-ақ бөлмелердің шамадан тыс толып кеткеніне шағым бар. Басқалары бір төсекті төрт студентке бөліп беретінін, ал қоныстану жыл сайынғы әбігерге айналатынын қосады. Мұндай жатақханалардағы баға айына 30-35 мың теңгенің аралығында.
Талқылауларда ирония да байқалды: біреулер қоныстану процесін фильмдегі жағдайды теңесе, енді біреулер плацкарт вагонмен салыстырды. Жатақханаларға қоныстандыру 25 тамызда басталған, бірінші күн ең ауыр кезең саналады. Біз 27 тамызда жатақханаға барғанымызда, адам көп жиналған жоқ. Есіктің алдында орындықтар қойылған, жанында чемодандарымен студенттер отырған еді.
Әңгіме барысында олардың қазірдің өзінде жатақханаға орналасқаны және бірінші курс студенттері емес екені белгілі болды: Қостанай, Шымкент және Алматыдан келген жігіттер өзгенің заттарының жанында кезек күткен.
– Біз таңғы жетіде келіп, қағаз тізімге жазылдық. Ол сәтте шамамен алпысыншы болып тұрдық. Көпшілік кезекті түнгі үштен бастап ұстап, сағаттап күтуге тура келгеніне шағымданды. Ең қиыны – бірінші күн болды, екінші күні жеңілдеді, үшінші күні мүлде ешкім қалмады. Қоныстану қалыпты өтті, бөлмелерде екіден бес адамға дейін тұрады, кереуеттер бір қабатты, – деді Қостанайдан келген екінші курс студенті Қайрат.
Ата-аналармен тілдескенде олар қоныстануда айтарлықтай проблема жоқ екенін айтты. Бірақ мұны ашуланып жеткізіп, күту тым ұзаққа созылғанын мойындады.
Жатақхана директоры Нұргүл Омарова алғашқы күні шынында да студенттердің көп жиналғанын растады, алайда бұл жүйелі мәселе емес екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, дүрбелеңді өздері – ата-аналар мен студенттер жасаған.
– Олар өздері жүгіріп келіп, есікке жиналды, видео түсірді, содан хаос сияқты көрінді. Шын мәнінде біз жүйені ретке келтірдік: тізімдер жасап, үстелдер қойдық, қазір қоныстану тыныш жүріп жатыр, – деді Омарова.
Оның айтуынша, орын тапшылығы жоқ. Университет 2200-ден астам орын бөлген, тағы 400 студентті басқа блокқа орналастырған. Өз сөзін дәлелдеу үшін ол компьютерден жасыл түспен белгіленген бос орындарды көрсетті және таңғы үштен басталатын кезек жайлы әңгімелерді асыра сілтеу деп атады. Оның себебі – студенттер мен ата-аналардың бір бөлігі электронды жүйеде өтінімдерді дұрыс тапсырмағаны.
Министрдің мәлімдемелері
Ресми деңгейде студенттерге арналған жатақханалар мәселесі мүлде мінсіз көрінеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шілде айында-ақ 2025 жылы Астанадағы жатақхана проблемасы «толық шешіледі» деп мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, ел бойынша 10 439 орынға арналған 29 жатақхана салынған, оның бір бөлігі пайдалануға берілген.
Дау тудырған видео шыққаннан кейін университет барлық студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз еткенін хабарлады. ЕҰУ-дың ресми мәлімдемесінде қоныстандыру рәсімі электронды форматқа ауыстырылып, «Platonus» жүйесі арқылы жүргізіліп жатқаны айтылды. Алайда студенттер әлі де есік алдында кезекке тұрып, қағаз тізімге жазылуда.
– Бүгінде ЕҰУ-да шамамен 7 мың орындық 11 студенттік үй жұмыс істейді. Бұдан бөлек, алты жеке жатақханамен меморандумдарға қол қойылған. 2025–2026 оқу жылында орындар саны 8 500-ге дейін көбейтіліп, бұл студенттердің тұрғын үйге деген қажеттілігін толық жабуға мүмкіндік берді, – делінген университеттің ресми хабарламасында.
Сонымен қатар, ресми деректерге сәйкес, ЕҰУ-да 20 мыңнан астам студент оқиды. Сондықтан дүрбелеңнің туындауы заңды құбылыс. Әрине, біреулер ата-анасымен немесе туыстарымен тұрады, кейбіреулер пәтер жалдауға мүмкіндік табады. Бірақ ондайлардың саны қанша? Бұл туралы нақты мәлімет студенттердің де, ата-аналардың да қолында жоқ. Сондықтан да жатақханадан орын алу үшін бәрі сақтықпен ертерек кезекке тұруға тырысады. Оның үстіне билік өкілдері мінберлерден заманауи студенттік жатақханаларда барлық жағдай жасалғанын – кедергісіз орта, коворкинг-зоналар және талапкерлерге арналған ситуациялық орталық бар екенін айтады.
Ал іс жүзінде, түсініксіз себептермен, бірінші курс студенттері түнде кезекке тұрып, ата-аналары қағаз тізім толтырып, жеті адамға бір тоңазытқыш пен бір ғана дәретхана берілген бөлмеден орын алу үшін таласуға мәжбүр.
Светлана Глушкова