Ресей билігі елге келген еңбек мигранттарының геолокациялық деректерін бақылауға көшті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Мәскеу мен Мәскеу облысында бұрынғы Кеңес одағына кірген тоғыз елдің азаматтары, (оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар) Ресей билігіне өздерінің геолокация деректерін көрсетуге міндетті. Бұл шара Ресейде «мигранттарды есепке алу эксперименті» деп аталатын бағдарлама аясында жүзеге асып жатыр. Әзірге бағдарлама сынақ режимінде жұмыс істейді.
Мигранттарды «Амина» қосымшасы арқылы бақылайды
Шетелдіктерді бақылау үшін Ресей билігі жаңа «Амина» қосымшасын енгізді. Ол бойынша, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзірбайжан, Молдова және Украина азаматтары өздерінің геолокация дерегін көрсетуі тиіс. Аталған қосымша тек жұмыс істеуге келген мигранттарға қатысты талап етілуде.
Мигранттар қосымшаны орнатуға міндетті. Қолданушыны авторизациялау үшін шетел азаматының картасы қажет. Бұл картаны тек еңбек патентін алғаннан кейін алуға болады. Егер карта жоғалған жағдайда, «Амина» қосымшасында авторизация паспорт деректерімен жүзеге асырылады.
«Амина» қосымшасы арқылы мигранттар өздерінің мекенжайы мен оның өзгеруін ішкі істер органдарына қашықтан хабарлап отырады. Қосымша тек мекенжай туралы емес, геолокация деректерін де ұсынады.
Күшейген бақылау
Бұл Ресейде шетелдіктер үшін міндетті болатын бірінші қосымша емес. 2025 жылдың 30 маусымынан бастап, визасыз елдер азаматтары, оның ішінде Қазақстан азаматтары, Ресейге баруды жоспарласа, олар RuID қосымшасын орнатып, шекарадан өтетіні туралы 72 сағат бұрын хабарлау қажет. Бұған дейін шілде айының басында мұндай талаптың енгізілуі Қазақстан мен Ресей шекарасында ұзын-сонар кезектерге әкеліп соққан болатын.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері еңбек мигранттарына қатысты дау көп. Киев Ресей тарапында Украинаға қарсы соғысып жүрген жүздеген Орталық Азия елдерінің азаматтарын жариялаған.