Жазғы каникул аяқталып, мәжіліс депутаттары парламентке қайтып оралды. Депутаттар қайда барып демалды? Кім мұхит асты, кім Еуропа көрді? Кім қазақстандық демалыс орындарын місе тұтты?
Мұхит асып, Қытай көрсе де «елді ойлайтын» депутаттар кімдер?
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбай каникулда екі жарым апта АҚШ-та болған. Майами мен Нью-Йоркке сапар шеккен. Америкадағы туризмді ұйымдастыру тәсіліне тәнті болып, осы саланы дамыту үшін үлгі алатын дүние көп екенін айтты.
«Жаз айында мен елде болдым және АҚШ-қа бардым.Сол жақта досым тұрып жатыр. Сол жолдасымның шақыруымен барып келдік. Америкада екі жарым апта болып, бірқатар штаттарын араладым. Шомылып үлгермедім», – деді депутат.
Дәулет Мұқаев демалыста отбасымен бірге кәрі құрлыққа барып, Еуропаның ауасымен тыныстап, табиғатына тамсанған. Ол жарымен отасқанына 10 жыл толуына орай жазғы демалысты жақсылап өткізуді ұйғарған. Франция, Италия, Швейцария, Испания мен Чехияға саяхаттаған.
«Түркияда демалыс 1 аптаға созылды, Еуропада — 15 күн. Сапардағы басты әсер – Швейцарияның тазалығы, қоғамдық көліктің уақытылы қозғалысы. Қазір демалысты туған жерде жалғастырып жатырмын — Аягөз, Ақсуат, Тарбағатайда» – дейді ол.
Сергей Пономарев Қытайда тоғыз күн демалған. Тек тынығып қоймай, Пекин мен Шанхайдың тыныс-тіршілігімен танысқан. Жолдардың сапасы, электромобильдердің кең таралуы, 850 шақырымдық метро желісі мен көгалдандыру саясатына ерекше назар аудардым дейді ол.
Депутат бұл тәжірибені Қазақстанға бейімдеу үшін экологиялық көлікті ынталандыру, қоғамдық көлік желісін кеңейту және қала көшелерін жасылдандыруды жеделдету қажет деп санайды.
«850 шақырымдық метро желісі – транспорттық коллапсты шешудің үлгісі. Алматы мен Астанада да кешенді, ұзақ мерзімді шешімдерге көшуіміз керек» – дейді депутат.
Еділ Жаңбыршин де Қытайда демалып қана қоймай, көрші елдің су тазарту технологиясымен танысқан. Ол пайдаланылған суды қайта өңдеу ісін жолға қою үшін қытайлық тәжірибені енгізуді ұсынды. Бұл бағыттағы бастамаларын жаңа маусымда үкіметке жеткізбекші.
Египетке барып, Қазақстанның туризмімен танысқан депутат
Депутат Екатерина Смаликова балаларымен бірге Мысырда болып, Қазақстан туризмін шетелдік үлгімен салыстырған. Оның айтуынша, соңғы жылдары туризмнің сапасы айтарлықтай жақсарғанымен, жол мен мобильді байланыс мәселесі әлі шешімін таппаған. Елге орала салысымен, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Маңғыстау өңірлерін аралап, туризм нысандарының жағдайымен жіті танысқан.
«Балаларды кішкене қыдырту үшін Мысырды таңдадық. Балалар өз елдерінен кішкене шықпай қалса, іштері пысып қалады ғой. Енді салыстырмалы түрде айтатын болсақ, әрине, біздің туризм бір осыдан бес жыл бұрынғысымен салыстырғанда едәуір жақсарған», – дейді ол.
Қапшағай мен Оқжетпесті таңдаған депутаттар
Айгүл Құспан жолдасымен бірге Бурабайдағы Оқжетпес шипажайында 10 күн тынығып, қалған уақытын халықаралық делегациялармен кездесулерге арнаған.
Ал, Ирина Смирнова Алматы мен Ыстықкөлде демалған. Сонымен қатар ол азаматтардың өтініштерін қараған.
Бақытжан Базарбек мандатының қашан бітетінін санап жүрген сыңайлы. Ол 60 күн демалыстың 53 күнін жұмысқа арнап, қызметі біткенде елге берер есебін ойлап, тоқтаусыз жұмыс істеген.
«53 күнінде жұмыс істедім. 12 тексерісті аштым. 10 күн емделдім. Менде адаммын ғой. Темір машинаның өзі бұзылады. Кейде ойланам, тексерістің бәрін ашпай, шет елге барып, 20-50 күн демалуға болар еді. Бірақ мандатым аяқталады ғой бір күні. Сол үшін бос отырмай, демалыс уақытымда жұмыс істедім. Ертең мандатымнан кеткенде халыққа айта алатын дүние болу керек», – дейді Бақытжан Базарбек.
Ерлан Саиыров мүлде демалмаған тәрізді. Сөзінше, каникулда өңірлерді аралап, халықпен кездескен. Шекаралық аудандарды дамыту заң жобасын әзірлеп, Қалбатау–Бұқтырма тас жолының аяқталуын бақылауына алған.
Шетелге шығып көрмеген халық
2023 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда 5 миллион 974 мың адамда паспорт (загранпаспорт) болған. 2024 жылы 1 миллион 400 мыңнан астам адам паспорт алған.
Picodi.com сарапшыларының 2022 жылғы сауалнамасына сәйкес, қазақстандықтардың 18 пайызы мүлде шетелде болмаған. Олардың басым көпшілігі шетелге шығуға әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиындығы себеп екенін айтқан.
Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша, 2024 жылы 1,3 миллион қазақстандық шетелге шыққан. Бұл шамамен халықтың 12,3 пайызы. Қазақстандықтардың 87 пайыз 2024 жылы шетелге шықпаған.
Динара Жарқынбек