Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа атом электр станцияларын салуды жоспарлау қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Атом энергетикасы – стратегиялық бағыт
Мемлекет басшысы қазірдің өзінде екінші, тіпті үшінші атом станциясын салуды жоспарлау керек екенін айтты. Оның сөзінше, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде екі ел атом саласындағы стратегиялық әріптестікке ерекше мән берді.
– Қазақстан өз энергетикалық егемендігін қамтамасыз ету үшін әлемдік жетекші компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын, – деді Тоқаев.
Көмір энергетикасын дамытуға басымдық
Президент, сонымен бірге, Қазақстанның мол көмір қорын тиімді пайдаланудың маңыздылығын айтты.
– Елдегі сапалы көмір қоры зор. Сондықтан оның экологиялық тұрғыдан таза әрі заманауи технологияларды қолдану арқылы дамуына баса назар аудару қажет. Табиғи артықшылықтарымызды елдің дамуы үшін тиімді пайдалануымыз керек, – деді мемлекет басшысы.