Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа инфрақұрылымдық келісімдер аясында Alatau City жобасын жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Жоба серіктесі – Шэньчжэньдегі жаһандық технополис құрылысына қатысқан компания болмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жобаны іске асыру үшін он күн ішінде Alatau City-ге Үкіметке тікелей бағынатын ерекше мәртебе беру туралы жарлық жобасы дайындалады. Сондай-ақ арнайы заң қабылданып, онда қаланы басқару тәртібі, қаржыландыру жүйесі және басқа да маңызды ережелер белгіленеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ерекше мәртебе — артықшылық емес, қажетті құрал. Егер ол берілмесе, жоспарланған жұмыстар іске аспай, тек қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін.
ЦИФРЛЫҚ ҚАЛА
Alatau City – өңірдегі алғашқы толыққанды цифрлы қала ретінде құрылмақ. Жаңа қалада smart city технологиялары қолданылады. Сондай-ақ тауар мен қызметті криптовалюта арқылы төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Alatau City Қазақстанның болашағын бейнелейтін, технологиялық дамуды және қолайлы өмірді біріктіретін жаңа символға айналмақ.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Ulysmedia жаңа Алатау қаласының әкімі туралы және оның күрделі тарихы мен даулы өткенін талдаған еді. Кейін бұл қаланың жеке инвестициялар мен бюджет қаражаты есебінен дамитыны хабарланды. 2024 жылғы қаңтарда жаңа Алатау қаласы Арнайы экономикалық аймақ құрамына енгізілгені белгілі болды.