Алматыдағы блогер Райхан Жұмамуратованың мәлімдемесі әлеуметтік желіде үлкен резонансқа себеп болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДАУ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Ол Алматыда жасөспірім бір баланың қолын сындырғаны туралы жаңалықтың астына пікір қалдырған. Алдын ала болжам бойынша, ол аутист бала болуы мүмкін, бірақ диагнозы ресми түрде расталмаған.
– Аутизм бала көшеде нестеп жүр? Әке-шешесін соттау керек!!!! Аутизм көп болып кетті, емдету керек емделмесе өлтіру керек, болмаса аутизмге арнап аурухана ашу керек. Аутизм балада ешқандай сезім болмайды!!! Әке шешесі мән бермейді неге? Неге ай қарап жүреді, сондай диагноз балаларды көшеге еркін жіберіп қойып, – деп жазды блогер.
РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕ
Полиция блогерге қатысты шара қолданылатынын мәлімдеді. Мәжіліс кулуарында журналистер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан жағдайға пікір білдіруді сұрады.
– Әрине, мұндайға мен теріс қараймын. Мұндай фактілер болмауы тиіс. Біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз. Аутизмі бар балалар бірнеше мемлекеттік органның ерекше бақылауында. Біз бұл балаларды толық қолдаймыз. Ал блогерге қатысты құқық қорғау органдары дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын. Ең қатаң шара қабылдануы керек, – деді министр.
МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ
Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті осы жағдайға қатысты пікір білдірді. Комитет балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде әрбір Қазақстан азаматына баланы кез келген қауіп пен зорлық-зомбылықтан қорғау, сондай-ақ барлық балалар құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету міндетін еске салды.
Бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес әрбір баланың өмір сүру және толыққанды даму құқығы бар. Бұл құқықтар жынысына, тіліне, дініне, денсаулық жағдайына, этникалық немесе әлеуметтік тегіне және өзге де мән-жайларға қарамастан қорғалады.
- Баланың қорғалу құқығын жоққа шығаратын немесе зорлық-зомбылықты ақтайтын кез келген мәлімдеме заңға ғана емес, қоғамның адамгершілік қағидаттарына да қайшы, делінген хабарламада.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Комитет балалардың, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттің ерекше назарында екенін атап өтті.