Түркістан облысы Шардара ауданында әкесін аяусыз ұрған ер адаммен қоса әйеліне де қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Қарияның қаза болуына байланысты Түркістан облысы ПД Шардара ауданы полиция бөлімі ҚР ҚК-нің «Қасақана ауыр зиян келтіру, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта ол сот санкциясымен қамауда отыр.
КЕЛІНІНЕ ҚАТЫСТЫ ІС
Сонымен қатар әйел адамға қатысты ҚР ҚК-нің «Адамдар тобы жасаған ұрып-соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде қылмыстық процеске қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілмек. Нәтижесінде тиісті іс жүргізу шешімі қабылданады.
Сондай-ақ жәбірленушіден немесе өзге де тұлғалардан полиция органдарына бұрын-соңды зорлық-зомбылық фактілері бойынша арыз-шағым түспегені хабарланды. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жариялауға жатпайды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, Түркістан облысында жағаұстатарлық оқиға тіркелді. Шардара ауданында 40 жастан асқан асаба азамат туған әкесіне күн көрсетпей, соққының астына алып келгені белгілі болды. Жәбір көрген қария кейін көз жұмды.