×
538.89
629.53
6.34
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.89
629.53
6.34

Брифингте модератор журналистерге сұрақ қойдырмай тастады

Бүгін, 17:41
Брифингте модератор журналистерге сұрақ қойдырмай тастады
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов журналистерден тікелей сұрақтарсыз қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОКҚ модераторы Маржан Бахтиярқызы аз ғана келген БАҚ өкілдерінің сұрақтарын бірнеше рет бөліп, сұрақтар тақырыптан, яғни ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудан тыс екенін айтып, қойдырмай тастады.

Мұратов араласқан жоқ

Алғашқы сұрақ Атырау, Алматы және Астанадағы стоматологиялық клиникалар арқылы зейнетақы қаражатын заңсыз шығару ісіне қатысты болды. Журналист вице-министрден осындай жағдайлардың ауылдық жерлерде немесе аудан орталықтарында бар-жоғына нақты жауап беруді сұрады. Алайда ОКҚ модераторы сұраққа араласып, спикер тек инфрақұрылым, яғни медициналық нысандардың құрылысына жауапты екенін алға тартты. Осы кезде вице-министр Мұратов үндемей, әңгімеге араласқан жоқ.

– Баспасөз қызметінің қызметкерлері сізге қосымша жазбаша жауап береді. Ал белгіленген тақырып бойынша сұрақтарыңыз бар ма? Ережелер бәріне ортақ, – деп ескертті Маржан Бахтиярқызы.

Келесі сұрақ қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы мен салауатты өмір салтын ұстанушылардың санына қатысты болды. Бірақ ОКҚ модераторы оны да тоқтатты.

– Түсінемін, сұрақ өзекті, бірақ қызметкерлер оны жазып алады. Бүгін біз ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жайында сөйлесеміз, – деп басталмай жатып сұрақты үзіп тастады модератор.

«Менің құзыретіме жатпайды»

Осындай жағдай Ulysmedia журналисінің сұрақтарында да қайталанды. Қазақстандықтардың деректерінің медицина мекемелерінен тарап кетуіне қатысты сауалға вице-министр Тимур Мұратов өзінің бұл мәселеге жауап бере алмайтынын айтты.

– Мен жауап бере алмаймын, бұл менің құзыретіме жатпайды, – деді шенеунік.

Ол тек ауылдық жерлердегі медициналық көмектің негізінен профилактикаға бағытталғанын түсіндірді. Егер ауылда 100-500 адам тұрса – онда фельдшер немесе мейірбике жұмыс істейді. Ал халық саны 1500-ден асса – ол жерде дәрігер болады және ем тағайындай алады.

– Күрделі медициналық көмек қажет болған жағдайда науқастарды аудандық немесе облыстық ауруханаға жібереді. Бірінші сұраққа келсек: биыл барлық ауылдық денсаулық сақтау нысандары, оның ішінде Абай облысындағылар да, арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен салынды. Бұл қор қайтарылған активтерден қалыптастырылған, – деп түсіндірді Мұратов.

24 жылдық тәжірибе зая кетті

Осыдан кейін ОКҚ брифингі жылдам аяқталды, себебі ұйымдастырушыларға қойылған сұрақтар ұнамады, ал журналистер жауаптардан жалыға бастады. Нәтижесінде денсаулық сақтау тақырыбына арналған баспасөз конференциясы вице-министрдің есеп беру жиынына айналды.

БАҚ өкілдері Мұратов кез келген сұраққа жауап береді деп үміттенген еді, өйткені ол еңбек жолын 2001 жылы Астанадағы емханада уролог дәрігер болып бастаған. Өткен жылы ол денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды. Бұған дейін «Ақ ниет» сауықтыру орталығында, Қорғаныс министрлігінің бас әскери емханасында және Ұлттық ғылыми медициналық орталықта жұмыс істеген. Ал негізі ол министрліктің беделін қорғап, үнсіз қалмай, ашық жауап беруге тиіс болатын.

Серіктес жаңалықтары