Қазақстанның көлік министрлігі әуе қатынасына қатысты мәселелер бойынша Гонконгтың көлік және логистика бюросымен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстан тарапынан делегацияны вице-министр Талғат Ластаев, ал Гонконг тарапынан көлік және логистика бюросының бас хатшысының көмекшісі Келвин Ма басқарды.
Келіссөздердің нәтижесінде екі елдің әуе компанияларына аптасына 7 рейстен 14 рейске дейін ұлғайтуға рұқсат берілді. Оның ішінде 7 рейс «әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі» құқығы бойынша орындалады. Бұл қазақстандық тасымалдаушыларға Гонконг әуежайының әлеуетін, ал гонконгтық әуе компанияларына Қазақстан әуежайларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
ТІКЕЛЕЙ РЕЙСТЕР
Келіссөз барысында Гонконгтың «Cathay» әуе компаниясының өкілі жаңа әуе кемелерінің келуіне байланысты Қазақстанға тікелей рейстер ашу жоспары бар екенін айтты. Құқықтық базаны кеңейту және әуе қатынасын жандандыру екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты дамытуға ықпал етпек.