Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха Талғарда бала ұрлау және өлтіру ісінен кейін полиция қызметкерлеріне қатысты тергеу жайлы сұраққа егжей-тегжейлі жауап бермеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
- Бұл мәселелер бірнеше рет түсіндірілді. Қылмыстық іс аясында міндетті түрде ұсыныс беріледі. Тіпті немқұрайдылыққа дейін мәселе көтерілуі мүмкін. Қазір бұл туралы пікір білдіре алмаймын. Әрбір ауыр қылмыстан қорытынды шығарамыз. Бірақ нақты осы іске қатысты егжей-тегжейлі түсініктеме бере алмаймын, – деді ол.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Алматы облысы прокуратурасы Талғар ауданы полиция басқармасы қызметкерлерінің әрекетсіздігіне байланысты қылмыстық іс қозғағаны хабарланған еді.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Еске салайық, 6 қыркүйек кешке Алматы облысы Талғар ауданында бейтаныс адам ер азаматты атып өлтіріп, кішкентай қызды алып кеткен.
Полиция мәліметінше, ер адамды өлтіру және бала ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, күдікті қыздың анасымен бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал шығып, ер адам жәбірленушінің ағасына мылтықпен оқ атқан. Оқ тиген ер адам жарақатынан оқиға орнында қаза тапқан.