Алматы облысы Жамбыл ауданындағы № 01098 әскери бөлімде қаза болған 19 жастағы сарбаз Дінмұхамед Шынарбекті бүгін туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Олар Дінмұхамедтің өзіне қол салғанына сенбейді деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Ұлын жер қонына тапсырып, қара жамылып отырған кейуана Бибинұр Қалтаева баласының өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Ол «ұлым отан алдындағы борышымды өтеймін деп кетіп еді. Отаны оны қорғай алмады» деп көзіне жас алды.
«Әпкем барып көріп келді. Ол дейді мойнында бір жіп асылулы, қолы байлаулы дейді. Қолы байлаулы күйі адам қалай асылады. Ол мүмкін емес нәрсе. Қалай өтірік айтады олар. Қолы байлаулы, мойныменен асылулы. Адам деген соған сенетін нәрсе ме айтыңдаршы. Кім сенеді қолын байлап қойып, асылып өлді дегенге. Қолын былай артында байлап қойса, қалай адам өзін-өзі асады? Менің баламды қыршынан қиды ғой олар. Ол өмір сүргісі келетін бала еді ғой. Менің балам бір жыл отан алдындағы борышымды өтеймін деп барған еді. Ал отан не істеді оған? Отан оны бес айда қорғай алмады ғой», – деді ол.
Қаза
Еске салайық, бүгін әскерде тағы трагедия орын алды. Мәтібұлақ ауылында орналасқан №01098 әскери бөлімінде 19 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаз Дінмұхаммед Шынарбек өлі табылды. Жақындарының айтуынша, жас жігіттің өліміне қатысты шынайы жағдайлар мұқият жасырылып отыр. Әпкесінің сөзінше, 2024 жылдың күзінде әскерге Даниял Шынарбек шақырылса, көктемде оның егізі Дінмұхаммед әскер қатарына алынған. Екеуі де Отар гарнизонында қызмет еткен.
17 қыркүйекте туыстарына Дінмұхаммедтің өзіне қол жұмсағаны туралы хабар келген.