×
541.19
636.44
6.49
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.19
636.44
6.49

Гранит пен тас төсеуіш ұрлығы: Сатыбалды Алматыдағы аудан әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады

Бүгін, 10:50
Гранит пен тас төсеуіш ұрлығы: Сатыбалды Алматыдағы аудан әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады
Ulysmedia

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды асфальттың шөгуі мен абаттандыру кезіндегі заңбұзушылықтар үшін Әуезов және Медеу аудандарының әкімдеріне қатаң сөгіс берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мердігерлерге тиісті бақылау жүргізбегені үшін Бостандық ауданы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. Әкімдік мәліметінше, Сатыбалды Аманжол және Яссауи көшелеріндегі асфальт шөгу фактілері, Ерменсай ықшамауданындағы ордың шайылып кетуі және Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит плиталардың ұрлануына байланысты қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды.

Әуезов ауданында жол жабынының шөгуі үшін аудан әкіміне қатаң сөгіс берілді. Бостандық ауданында мердігер нөсерден кейін траншеяның шайылып кетуіне жол берген, сондай-ақ әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесінде гранит плиталарды орынсыз ауыстырған. Аудан әкімі болмағандықтан, абаттандыру және ТКШ саласына жауапты орынбасары қызметінен босатылды.

Медеу ауданы әкіміне Уәлиханов саяжолында тас төсеуіштер (брусчатка) шешіліп, мердігердің оларды жеке үйге алып кеткені үшін сөгіс жарияланды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

ҮЛКЕН АЛМАТЫ ӨЗЕНІ

Сатыбалды сонымен қатар «Павлодар өзен порты» АҚ-ның Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта құру және жағалауды абаттандыру жұмыстарының сапасын тексеруді тапсырды. Жобаға тапсырыс беруші болған Экология басқармасының басшысына да сөгіс берілді. Полицияға гранит плиталардың ұрлануына қатысты тергеу барысы жөнінде есеп беру міндеттелді.

Әкім барлық заңбұзушылықтарды қысқа мерзімде жоюды талап етіп, егер мердігерлер мен техникалық қадағалау тарапынан салғырттық анықталса, оларға қатаң шаралар мен айыппұлдар қолданылатынын ескертті.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, жуырда қоғам белсендісі Санжар Боқаев бейнежазба түсіріп, онда түн жамылған бейтаныс адамдардың Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит плиталарды жасырын әкетіп жатқанын көрсетті. Плиталар кейін құлпытас дайындайтын цехқа жеткізілген.

Ulysmedia.kz тілшісі осы реконструкция үшін кім жауапты екенін және бұл іске Досаевтың қандай қатысы барын еске салуды жөн көрді.

Серіктес жаңалықтары