×
541.19
636.44
6.49
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.19
636.44
6.49

Қазақстан америкалық алпауыттарға жаңа “ойын ережесін” ұсынады

Қазақстан америкалық алпауыттарға жаңа “ойын ережесін” ұсынады
Akorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық алпауыт компанияларға батыл ұсыныстарын жеткізді. Ол Қазақстанның шикізатқа тәуелді ел емес, аймақтағы цифрлық, энергетикалық және көлік-транзиттік хабқа айналуға ниетті екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы америкалық инвесторларға жаңа мүмкіндіктер ашылатынын айтып, ынтымақтастықты тың деңгейге көтеруге шақырды. 

Президент Тоқаев америкалық бизнес өкілдерімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстел» отырысында жалғасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының кеңейтілген стратегиялық серіктестігі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Біз Американы маңызды серіктестеріміздің бірі санаймыз және сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенімізді растаймыз. Америка Құрама Штаттарының да осы стратегиялық ұстанымды қолдайтыны қуантады. Оған Президент Дональд Трамппен 2024 жылы желтоқсан айында болған әңгімелесу барысында көз жеткіздік. Бүгін біз Президент Трамппен тағы да мазмұнды әңгіме жүргіздік. Ол үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Президент Трамптың прагматикалық дипломатияны алға тартуын, Еуропа мен Таяу Шығыстан бастап Азия мен Африкаға дейінгі қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету ісіндегі рөлін жоғары бағалайды,-деді Президент. 

Экономикалық байланыстар және инвестициялар

Президент екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа ерекше тоқталды. Тоқаев Қазақстанның өңірдегі экономикасы ең қуатты ел ретінде Орталық Азияға Америка бизнесінің инвестициясын тарту және олардың кәсіп аясын кеңейту ісінде жетекші рөл атқаруға дайын екенін жеткізді. АҚШ Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллардан астам инвестиция құйып, еліміздегі ең ірі инвесторлардың бірі саналады. Бүгінде 630-дан астам америкалық компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр.

– Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, Mastercard, Meta, Wabtec, Citibank сияқты компаниялар елімізде орнығып, экономикалық әлеуетіміздің өсуіне айтарлықтай үлес қосып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Энергетика саласындағы әріптестік

Президент Тоқаев энергетикалық секторды екіжақты ынтымақтастықтың негізгі басымдығы ретінде атады. Ол америкалық мұнай компанияларының соңғы 30 жылда Қазақстанға салған инвестицияларын жоғары бағалады.

– Біз Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы америкалық серіктестерімізбен конструктивті ынтымақтастықты одан әрі жалғастырамыз. Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыруды көздейді, – деді Президент.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы уран өндірісі мен өңдеудегі жаңа мүмкіндіктерге назар аударды. Қазақстан әлемдік уран нарығының 40% қамтамасыз етеді, ал АҚШ импорттайтын уранның төрттен біріне жуығы біздің елден жеткізіледі.

Инновация мен цифрлық трансформация

Тоқаев Қазақстанды алдағы 3 жылда толық цифрлық мемлекетке айналдыру жоспарын жариялады. NVIDIA, Amazon, Starlink және Microsoft сияқты әлемдік технологиялық компаниялар осы бағытта елімізбен серіктестік орнатып отыр.

– Қазақстан бірте-бірте өңірлік академиялық және ғылыми-зерттеу хабына айналып келеді. Бүгінде елімізде америкалық жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды, соның ішінде Аризона университеті, Дьюк университеті және Нью-Йорк кино академиясы бар, – деді Мемлекет басшысы.

Агроөнеркәсіп пен көлік саласындағы серіктестік

Президент америкалық бизнесмендерді Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды. PepsiCo және Mars компаниялары елімізде экспортқа бағытталған зауыт салуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы көлік және логистика секторындағы мүмкіндіктерді атап өтті. Wabtec компаниясымен 4 миллиард долларлық келісім Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытуға жаңа серпін бермек.

Стратегиялық серіктестікті нығайту

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың Қазақстан сыртқы саясатындағы ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

– АҚШ біздің тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып мойындады және әрдайым егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды қолдап келеді. Халқымыз бұл ұстанымды шынайы құрметтейді, – деді Мемлекет басшысы.

КОНТЕКСТ

21 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары басталды. Содан бері мемлекет басшысы бірнеше маңызды тұлғаларды қабылдап, кездесулерге қатысты. Шет елдік алпауыттармен біршама келесімдер жасасты. 

Ал, бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы ресми түрде ашылып, өз жұмысын бастады. Биылғы жиын «Бейбітшілік, даму және адам құқықтары үшін 80 жыл және одан әрі» ұранымен өтіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сессия мінберінде сөз сөйлеп, баяндама жасауы Нью-Йорк уақытымен 13:00–14:00 аралығына, яғни Астана уақытымен 22:00–23:00 аралығына жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары