Негізсіз санкциялар елдің ішкі ісіне араласу әрі әлі қалыптасу үстіндегі экономиканың дамуына кедергі келтіретін қысым ретінде бағаланады. Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы жалпы дебаттарда мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жапаров Қырғызстан халықаралық міндеттемелерін қатаң орындап келгенін және орындай беретінін айтты. Алайда ел өз азаматтарының мүддесін құрбан ете алмайды. Садыр Жапаровтың сөзінше, Қырғызстанға қарсы енгізілген санкциялар жекелеген үкіметтік емес ұйымдар мен адал емес азаматтар таратқан жалған ақпаратқа негізделген.
Оның мәліметінше, өткен жылы Еуроодақ елдері Ресеймен 141 млрд доллар көлемінде сауда жүргізген, соның ішінде 36 млрд доллары – Ресейден импорт. Ал Қырғызстанның екі банкіне санкция енгізген Ұлыбритания 2024 жылы Ресеймен 2,2 млрд доллардың саудасын жасаған. Президенттің айтуынша, біреулер өз мүддесін көздеп, Ресеймен ынтымақтастықты жалғастыру мүмкіндігін сақтап отыр, бірақ басқаларға оны жасауға тыйым салады.
– Сіздер бізге Ресеймен ынтымақтаспаңдар дейсіздер, ал өздеріңіз онымен сауда-экономикалық байланысты белсенді дамытып жатырсыздар. Біздің Ресеймен экономикалық қарым-қатынасымыз сіздердікінен әлдеқайда ауқымды, – деді ол.
Жапаров Қырғызстанның экономикалық тұрғыда Ресеймен ынтымақтастықтан бас тарта алмайтынын атап өтті, деп жазады 24.kg.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін президент Тоқаев БҰҰ мінберінен сөйлеп, әлемдік экологиялық проблемаларды атап өтті. Сонымен қатар, Тоқаев БҰҰ мінберінде жасанды интеллект бағытындағы тәуекелдер мен мүмкіндіктерді атап, елдің цифрландыру мен ЖИ дамыту жоспарын жариялады.