90-жылдар мен 2000-жылдардың ең ықпалды кәсіпкерлерінің бірі Шалва Чигиринский журналист Юрий Дудьке берген сұқбатында Франциядағы қымбат саяжайының сату тарихын баяндады. Оның сөзінше, жылжымайтын мүлікке қызығушылық танытқандар арасында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшін өкілдік еткендер де болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Вилланы кімге сатты?
Чигиринскийдің айтуынша, ол Францияның оңтүстігіндегі сәнді вилласын 2009 жылы, Ресейдегі бизнесін тартып алғаннан кейін, сатуға мәжбүр болған.
– Сол кездегі нұсқалардың бірі – вилланы сату еді. Ақырында сатып алушы «Газпром» болды. Бағасы шамамен 70 миллионға шықты. Мен өзім 25 миллионға жөндеуден өткіздім. Бірақ мәселе онда емес. Маған әлдеқайда жоғары сома ұсынғандар болды. Тіпті жарты миллиардқа дейін бағалағандар табылды, – дейді ол.
Назарбаевқа арналған жазғы резиденция
– Маған Назарбаевтың адамдары келіп жүрген. Олар Францияның оңтүстігінен жазғы резиденция іздеген. Міндетті түрде тікұшақ қонатын алаң, екі бассейн, көп жатын бөлме керек деген талап қойылды. Бұл вилла барлық көрсеткіш бойынша сәйкес келді. Мұндай үйлер өте сирек – бір жерде бәрі тоғысқан: Монакоға жақын, аумағы үлкен – 3,5 гектар, сыртқы және ішкі бассейндер, қонақ үй, тіпті бомбаға арналған баспана да бар, – деді Чигиринский.