Астанадағы «NURORDA» мектеп-лицейі әлеуметтік желіде тараған «буллинг фактілеріне» қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ата-ана Альбина Атен өзінің жазбасында ұлының сыныптасы тарапынан буллингке ұшырағанын, ал мектеп бұл мәселеге немқұрайлы қарағанын айтқан.
Алайда мектеп әкімшілігі ата-ананың бұл шағымын жоққа шығарып отыр. Олардың айтуынша, оқушылар арасындағы түсінбеушілікке сынып жетекшісі мен мамандар дер кезінде араласқан, ішкі тәртіпке сәйкес шаралар атқарылып, екі тарапты татуластыру жұмыстары жүргізілген.
Мектептің ресми хабарламасында: «NURORDA мектебі буллингке мүлдем жол бермейді. Біз үшін балалардың қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін қорғау – ең жоғары әрі берік ұстаным», – делінген.
Құқық қорғау органдары да материалдармен танысып, буллинг белгілерін таппағанын хабарлады. Олар ата-аналардың арыз-шағымдарына құқықтық баға беретінін жеткізді.
КОНТЕКСТ
Айта кетсек, «NURORDA» лицейі – Астанадағы жекеменшік мектептердің бірі. Мұнда оқу құны жылына шамамен 5 миллион теңгені құрайды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, Астанадағы «Нұр-Орда» мектебіне қатысты ата-аналардың шағымы әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Айтуынша, білім ордасында буллинг кең тараған, ал мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер мәселені шешуге құлықсыз.