Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровтың қайда екенін айта алмады. Қылмыстық іс аясында дәлелдер жиналып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев журналистердің Қайрат Қожамжаровтың орналасқан жеріне қатысты сұрағына жауап беруге қиналды. Оның айтуынша, «барлығы қылмыстық істі тергеу барысында шешіледі».
– Қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта дәлелдемелер жинау процесі жүріп жатыр, – деді ол.
СЕРІКТЕСТЕРІНІҢ ҰСТАЛУЫ
Бұған дейін азаптау ісі бойынша күдікке ілінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының экс-басшысы Талғат Татубаев ұсталған еді. Кейін дәл осы бап бойынша айып антикоррупциялық органдарда жетекші қызметтер атқарған Олеса Кексельге де тағылды. Екеуі де кезінде Қожамжаровтың командасында жұмыс істеген. Алайда Бас прокуратураның мәліметінше, Кексельдің қылмыстық істегі статусы әлі анықталған жоқ, себебі оның кішкентай баласы бар.
Сонымен қатар жақында Германияда бұрынғы көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов ұсталды. Ол Қожамжаров бас прокурор болған кезде оның бұйрығымен тағайындалған. Қазір оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралуда.