Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаттары «Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің VII шақырылымын өзін-өзі тарату туралы» қаулы қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Депутат Улан Примов өз баяндамасында бұл бастаманың себебін түсіндірді. Оның айтуынша, қатарынан екі ірі сайлау науқанын өткізу өте қиын әрі қауіпті. Жоспар бойынша 2026 жылдың қарашасында парламент сайлауы, ал 2027 жылдың қаңтарында президент сайлауы өтуі тиіс.
Неліктен бұған дейін таратылмады?
Депутат Дастан Бекешев бастамашыларға сауал жолдады.
– Сайлаушылар бізден: неге депутаттарды кетсін дегенде олар кетпейді, ал қалсын десе — кетеді деп сұрайды. Бұған халыққа қалай жауап беруге болады? Неге сайлауды көктемде өткізбеске?, – деді ол.
Ал оның әріптесі Надира Нарматова бұл бастаманың қоғамда күмән тудырғанын атап өтті.
– Жұмысқа кірісе сала вице-спикерлер мен комитет төрағалары өзін-өзі тарату бастамасын көтерді. Егер олар жұмыс істегісі келмесе, неге арыз жазып кетпейді? Сонда жылдар бойы кезегін күткен кандидаттар олардың орнына келер еді. Біз тіпті 4 жыл жұмыс істемедік. Соңына дейін қызмет етіп, сайлауды шілде-тамызда өткізуге болар еді. Енді қалай сайлаушылардан сіздерге дауыс беруді сұрайсыздар? Өздеріңіздің моральдық жауапкершіліктеріңізді ойлаңыздар, – деді ол.
Сонымен қатар, ол мемлекет мүддесін жеке мүддесінен жоғары қоятынын айтып, өзін-өзі тарату бастамасын қолдайтынын жеткізді.
Спикер басқа депутаттарға сөз бермей, мәселені дауысқа қойды. Қатысқан 89 депутаттың 84-і қаулыны қолдады. Қарсы шыққан ешкім болған жоқ.
Контекст
Бұған дейін Қырғызстан парламентінің комитеті мерзімінен бұрын өзін-өзі тарату туралы шешімді мақұлдаған болатын. Бастамашы депутаттар тобы қажетті 32 қол жинаған еді.