×
541.68
636.26
6.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.68
636.26
6.48

ҚҚС өссе де, Үкімет инвестордың сеніміне селкеу түсірмейміз деп уәде етті

ҚҚС өссе де, Үкімет инвестордың сеніміне селкеу түсірмейміз деп уәде етті
Ulysmedia

Қазақстанда қосылған құн салығының өсуі инвесторлар үшін қауіп тудырмайды. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.

ҚҚС өссе де, инвесторлар үшін тұрақтылық сақталады

Қазақстанда қосылған құн салығының өсуі инвесторларға әсер етпейді. Үкімет бизнес үшін «салық тұрақтылығының кепілдігін» ұсынып отыр. Вице-министр Арман Қасеновтің айтуынша, инвестициялық келісім жасасқан компаниялар үшін салық шарттары 7–10 жыл бойы өзгеріссіз қалады.

– Инвестициялық келісімдер мен арнайы экономикалық аймақтар бар. Сол құралдар арқылы бизнеске нақты кепілдіктер беріледі. Мысалы, 7 жылдан 10 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Осы мерзім ішінде мөлшерлемелер өзгермейді, – деді ол.

Қасеновтің айтуынша, салық саясатын қайта қарау – әлем елдері үшін қалыпты тәжірибе. АҚШ, Еуропа, Ресей де қажет болған жағдайда мөлшерлемелерді көтеріп немесе төмендетіп отырады. Қазақстан да бұл үрдістен тыс емес. Алайда басты назар – инвесторлардың сенімін қорғау.

Экономика өсім траекториясында

Осы ретте Арман Қасенов Қазақстан экономикасының биылғы сегіз айдағы нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында жалпы ішкі өнім 6,5%-ға артқан. Реалды сектор өсімі – 8,8%, қызмет көрсету саласы – 5,1%. Ең жоғары көрсеткіштер көлік қызметінде, құрылыс, сауда, сондай-ақ тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында байқалды.

– Экономика жаңа жағдайларға сәтті бейімделіп, өсім траекториясын ұстап тұр, – деді Қасенов.

Осы кезеңде негізгі капиталға құйылған инвестициялар 14,3%-ға өсіп, 11,5 трлн теңгеге жеткен.

– Бұл – биыл инвестициялардың жедел қарқынмен өсіп жатқанын көрсетеді, – деп атап өтті ол.

Контекст

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары барысында Қазақстан мен АҚШ-тың ірі компаниялары арасында жалпы құны 5,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 11 келісім мен меморандумға қол қойылды. Құжаттар көлік, логистика, энергетика және ақпараттық технологиялар секілді стратегиялық маңызды салаларды қамтиды.

Серіктес жаңалықтары