×
541.68
636.26
6.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.68
636.26
6.48

Қымбатшылық қысқан шақта Үкімет тұрақтылық туралы айтты

Қымбатшылық қысқан шақта Үкімет тұрақтылық туралы айтты
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда баға күн сайын шарықтап барады, халық «қымбатшылықтан қалта қағылды» деп дабыл қағуда. Бірақ билік өкілдері жағдайды басқаша  бағалайды. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амриннің айтуынша, қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі тұрақты.

ВИЦЕ-МИНИСТРДІҢ ОПТИМИЗМІ

Вице-министр Азамат Амрин бүгінгі бағаның өсімін тарифтермен ақтады.

-Бұрын қыста жылу қазандықтары істен шығып, үйлерде жылу болмай қалатын. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, мұндай жағдайлар азаяды. Сондықтан тарифтерді өсіру арқылы инфрақұрылымға инвестиция тартылып отыр. Осы бағдарлама аясында 700 млрд теңгеге жуық қаржы құйылды, – дейді вице-министр.

Яғни, халықтың қалтасы тағы да «инвестицияның көзіне» айналып отқандай көрінеді. 

Амрин ҚҚС-тің көтерілуін де жай ғана «бір реттік қадам» деп бағалайды.

-Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тамызда өспеді. Шағын дүкендер мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдіктер сақталды. Медицина саласында да өсім біртіндеп енгізіледі, – дейді ол.

Вице-министрдің сөзінше, халықтың тұрмыс деңгейі жаман емес. Оны статистикадан білуге болатынын алға тартты. Айтуынша, соңғы бес жылда 1,3 миллион қазақстандық жылжымайтын мүлік иесі атанған. Сондай-ақ, елде көлік саны жыл сайын артып келеді. 

-Жаңа көліктердің көбейгенін қала көшелерінен де байқайсыздар, – деді ол.

Ал халықтың бір бөлігі ипотеканың қамытын кие алмай, жалақыны күнделікті азық-түлікке әрең жеткізіп отырғанын статистика жоқ екені анық.  Десе де, вице-министр азаматтардың демалыс күнін де санап жүрген көрінеді. Оның айтуынша, шет елде демалып, ұшақпен қатынайтындар көп. 

-2024 жылы 10,5 млн адам ел ішінде демалды. Байқасаңыздар, қазақстандықтар шетелге де жиі барады, ұшақпен қатынайтындар саны екі есеге өсті. Беделді өмір сүру мүмкіндігі жоқ адамдар мұндай демалысқа бара алмайды, – деді ол.

Әлеуметтік осал топтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанын да вице-министр атап өтті.

-Жәрдемақылар жыл сайын индексацияланады. Атаулы әлеуметтік көмек пен басқа да төлемдер мемлекет есебінен төленіп келеді», – деді ол.

КОНТЕКСТ

Соңғы айларда Қазақстанда азық-түлік, коммуналдық қызмет және дәрі-дәрмек бағасының өсуі қоғамда жиі талқыланып келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында инфляция деңгейі белгіленген межеден жоғары болды. Сарапшылар бағаның көтерілуін тек тарифтермен емес, импортқа тәуелділікпен, теңгенің әлсіреуімен де байланыстырады.

Әлеуметтік желілерде тұрғындар күнделікті тұрмыс шығындарының артып кеткеніне шағымдануда. Әсіресе, айлық табысы төмен және көпбалалы отбасылар қымбатшылықтан қатты зардап шегіп отыр.

Бұған қарамастан, ресми органдар халықтың тұрмыс деңгейін «тұрақты» деп бағалап, мысал ретінде тұрғын үй, көлік және туризм көрсеткіштерін келтірді.

Серіктес жаңалықтары