УЕФА Чемпиондар лигасы аясында өтетін алматылық "Қайрат" пен мадридтік "Реалдың" ойынына қазақстандық және шетелдік БАҚ-тың аккредитацияға берген өтінімдерінің басым бөлігі қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Футбол клубының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұның себебі – Алматының Орталық стадионындағы техникалық шектеулер. Пресс-ложаның сыйымдылығы небәрі 66 орын, қосымша үстелдер мен орындықтар қойылған соң ол тек 100-ге дейін көбейтілді.
– Осы орындардың шамамен 70-і УЕФА регламентіне сай телетрансляция жасаушыларға, комментаторларға, техникалық мамандарға, УЕФА өкілдері мен қонақ команда баспасөз қызметіне және матчты ұйымдастырушыларға бөлінген. Бұл – міндетті талап, – делінген хабарламада.
Сәйкесінше, қалған журналистерге бар болғаны 25-30 орын ғана бөлінеді. Ал аккредитацияға 550-ден астам БАҚ өтініш түскен, яғни медианың шамамен 95%-ы матчты тікелей жариялай алмайды.
Еске салайық, “Қайрат” пен Real Madrid арасындағы ойын 2025 жылғы 30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өтеді.
Бұған дейін қазақстандық жанкүйерлер 30 қыркүйекте Алматыда өтетін Чемпиондар лигасының "Қайрат" пен мадридтік "Реал" арасындағы ойынын тікелей эфирде тамашалай алатынын жазған едік.