×
544.26
634.72
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
544.26
634.72
6.52

Соңғы ескерту: жаңартылмаған базарлар жабылуы мүмкін

Соңғы ескерту: жаңартылмаған базарлар жабылуы мүмкін
Ulysmedia

Елдегі базар иелеріне биліктен соңғы ескерту жасалды. 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жаңғыртудан өтпеген сауда орындары лицензиясынан айырылып, тіпті толық жабылуы мүмкін. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев мәлімдеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Базарларды жаңарту мерзімі соңғы жеті жылда үш рет кейінге шегерілді – 2018, 2021 және 2023 жылдары. Алайда, бұл созбалаңдық жауапкершіліктің әлсіреуіне алып келген. 

Депутаттар белгілеген жаңа мерзім – 2026 жылдың басы. Мерзім енді өзгермейді. Оған дейін барлық талаптар орындалуы тиіс. 

-Міндетті талаптар-қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу, санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігін сақтау, сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін қауіпсіз және ыңғайлы инфрақұрылым құру, жалға беру шарттарын ресми рәсімдеу және сауда орындарын бекітілген жоспарға сәйкес ұйымдастыру. Егер талаптар орындалмаса, әкімшілік шаралар қолданылады. Материалдар сотқа жіберіліп, базарлардың жұмысы уақытша тоқтатылуы немесе толық жабылуы мүмкін, – деді Жәутікбаев.

Сауда комитеті базарларды жаңғыртуға қатысты 11 жаңа талапты бекітті. Оларға сауда орындарын бекітілген жоспарға сәйкес ұйымдастыру, көтерме және бөлшек сауда аймақтарын нақты бөлу, жалға беру қатынастарын тек ресми жазбаша шарттар арқылы жүргізу кіреді. Сонымен қатар, қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу, санитарлық талаптар мен өрт қауіпсіздігін сақтау, сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін қауіпсіз және ыңғайлы инфрақұрылым құру міндеттелген. Базардағы сауда орындарының кемінде 70%-ы азық-түлік тауарларына бөлініп, олардың бір бөлігі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолжетімді болуы тиіс. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын ашық жариялау және әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктер ұсыну да міндетті.

Министрлік сауда базарларын жаңғыртуды тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы жоғары шара деп санайды. Ведомство жоспарынша, 2029 жылға қарай заманауи сауда форматтарының үлесін 70%-ға жеткізу көзделуде. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш небәрі 41%-ды құрайды, яғни реформаның әлеуеті әлі толық ашылған жоқ.

Базарларды жаңғырту туралы үкіметтің шешімі нақты әрі қатаң естіледі, бірақ оны жүзеге асырудағы шынайы кескіні күмән тудырады. Жауапкершілік жылдар бойы кейінге шегеріліп, бақылау әлсіз болғандықтан, енді қысқа мерзімде барлық талапты орындауға базар иелерінің қауқары жететіндігі белгісіз. Егер талаптар толық орындалмаса, қатаң шаралар халыққа әлеуметтік қысым туғызуы мүмкін – бұл мәселе әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр

КОНТЕКСТ

Соңғы 4 жылда Қазақстанда 156 сауда базары жаңғыртылды, алайда елде жалпы 629 базар жұмыс істейді. Биыл тағы 100 базарды жаңғырту жоспарланғанымен, қазіргі таңда олардың 57-сінде ғана құрылыс жұмыстары толық аяқталған, ал қалғандары жартылай немесе аяқталу кезеңінде тұр. Жаңғырту қарқыны байқалса да, елдегі сауда инфрақұрылымын модернизациялау әлі де баяу жүріп жатқанын көрсетеді. 

Серіктес жаңалықтары