Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың бағасын тек жеткізушілер ғана емес, отандық өндірушілердің өздері де көтерген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарық қатысушылары уәкілетті органдарға референттік елдерде қалыптасқан ең жоғары бағаларды ұсынып отырғанын анықтады. Осылайша Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың құны 2–3 есеге қымбаттатылған.
– Бұдан тек жеткізушілер ғана емес, отандық өндірушілер де пайда көрді. Олар қайта шығарылған дәрілерге (дженериктерге) әлемнің жетекші фармацевтикалық компаниялары – «Big Pharma» өндіретін түпнұсқа тауарлар деңгейінде баға қойған. Отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар сараптамасыз және нақты шығындарды анықтамай жасалған. Соның салдарынан Қазақстанда өндірілген кейбір препараттардың бағасы шетелдік жетекші өндірушілердің ұқсас дәрілерінен 2–3 есе қымбат болды. Ал тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС аясында сатып алынған дәрілер мемлекет үшін көтерме және бөлшек нарықта сатылған бағадан да жоғарыға түсті, – делінген агенттік хабарламасында.
ШАРАЛАР
Агенттіктің ұсынысы бойынша, 2025 жылдың екінші жартысынан бастап жеткізушілер мен отандық өндірушілер үшін баға белгілеу референттік елдерде қалыптасқан орташа құнға негізделіп, деректер өтініш берушілерден емес, алғашқы дереккөздерден алынатын болады.