Алматы мен Астананың азаматтық белсенділері мен заңгерлері 30 қыркүйекте елорданың ресми мекемелеріне хаттарын табыстау үшін барды. Олар Қызылордадағы колонияда отырған журналист Думан Мұхаммедкәрімді Алматы облысына – туыстарының қасына ауыстыруды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Басылым тілшісі құқық қорғаушыларды ҚАЖК ғимаратының жанында кездестірді. Заңгерлер Бас прокурордың, ҚАЖК мен Президент Әкімшілігінің атына жазылған, Думан Мұхаммедкәрімді Алматы облысына көшіруді талап еткен хаттарды көрсетті.
Олармен бірге журналистің әкесі Алмас Төлепов те болды. Ол баласын соңғы рет көктемде көргенін айтты. Бұрын 90 келі тартқан Думанның салмағы 57 келіге дейін түсіп кеткен.
– Думанды әдейі Қызылорда облысына – туыстары мен құқық қорғаушылардан алысқа жіберілді. Бұдан бөлек, ол жерде климат та өте ауыр, – деді заңгер-кеңесші Төден Қасенов.
Оның айтуынша, заң бойынша сотталғандар жазасын үйіне жақын орналасқан, тиісті үлгідегі мекемеде өтеуіне құқылы. Мұндай колониялар Алматы облысында да бар екенін ол атап өтті.
– Адам өте ауыр жағдайда отыр. Бұл тек денсаулығына емес, өміріне де қауіп төндіреді. Демек, оны дұрыс тамақтандырмайды, яғни қалыпты ас ішуіне мүмкіндік бермейді. Мұны Бас прокуратура тексеруі керек, – деп қосты заңгер.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін оппозициялық саясаткермен сұхбат жүргізгені үшін жеті жылға сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрім 29 тамызда Қызылордадағы №60 мекемеде аштық жариялағаны хабарланған еді. Алайда кейін денсаулығына байланысты тоқтатты. Ulysmedia.kz-тің мәліметінше, аштық жариялауға оның өміріне қауіп төнді деп бағалаған оқиға себеп болған. Ол адвокатына 6 тамызда камераның тамақ берілетін есікшесі арқылы белгісіз зат тасталғанын, сонымен қатар петарданың жарылғандай дыбысы шыққанын айтқан. Кейін камерадан шеге тәрізді металл сынықтары табылған. Алайда ҚАЖК-нің ресми жауабында журналистің дәрігерлердің тұрақты бақылауында екені айтылып, камераға белгісіз зат тасталды деген ақпаратқа қатысты бейнежазбалар тексеріліп, бұл дерек расталмағаны көрсетілген.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қызылорда облысында Думан Мұхаммедкәрімнің өміріне қауіп төніп отыр және оған психологиялық қысым көрсетілуде. Олардың сөзінше, оны арнайы киім киюге мәжбүрлейді, бірақ ол рецидивист емес және мұндай форма міндеттелетін ауыр баптар бойынша сотталмаған. Арнайы киім киюден бас тартқаны үшін оны үнемі карцерге қамайды. Бұдан бөлек, оның бірде-бір шағымы колония аумағынан тысқары шықпаған.
Заңгерлердің айтуынша, Думан Мұхаммедкәрімге қатысты үкімді тек Бас прокурор ғана қайта қарауға құқылы. Сол себепті олар бәрі бірге Астанаға келген.