Қазақстандағы жекеменшік мектептер тығырыққа тірелді. Мемлекеттен тиесілі қаржыны ала алмай отырған мектеп құрылтайшылары банктерге берешекке батып, ұстаздар бірнеше айдан бері жалақысыз жүр. Бұл мәселе бүгінде тек кәсіпкерлердің ғана емес, мыңдаған оқушының тағдырына әсер етіп отыр.Қазақстандағы жекеменшік мектептер тығырыққа тірелді. Мемлекеттен тиесілі қаржыны ала алмай отырған мектеп құрылтайшылары банктерге берешекке батып, ұстаздар бірнеше айдан бері жалақысыз жүр. Бұл мәселе бүгінде тек кәсіпкерлердің ғана емес, мыңдаған оқушының тағдырына әсер етіп отыр.
Өткен аптадан бастап өңірлерден жүзге жуық жекеменшік мектеп құрылтайшы Астанаға арнайы келіп, министрлікке базынасын айтып әлек.
Министрлікпен дауласқан кәсіпкерлердің бірі Салтанат Сабырқызы Түркістан облысынан келді. Ол қазір қол астындағы 40 мұғалімнің айлығын беру үшін 18 млн тг несие алған. Бірнеше айдың ғана жалақысын жабуға қауқары жеткен. Енді банктегі берешекті қайтара алмай басы қатып жүрген көрінеді.
-Былтырдан бері бюджеттен қаржы уақытылы түспей қалды. Мұғалімдер айлығын бере алмай, сегіз-тоғыз миллион теңгеге дейін кредит алып төлеп жүрміз. Енді одан артық қарыз алуға шамамыз жоқ. Қазір банкке 16-18 миллион теңгеге берешекпін. Негізі бұл жалақы мемлекеттен түсетін қаржы есебінен төленуі тиіс еді, – дейді ол.
Жамбыл облысындағы мектеп иесі Жанар Асқарқызы да ұстаздардың айлығын жолдасының мал шаруашылығынан түскен табыспен жауып отырғанын жасырмайды.
-Мұғалімдерге айлықты өз қалтамыздан төлеп жүрміз. Қыркүйекке дейін жеткіздік, ары қарай не болатыны белгісіз,– дейді ол.
Су жаңа министр Жұлдыз Сүлейменовамен сөйлесу үшін министрлік алдына екінші күн қатарынан жиналған қауым тек вице-министрмен ғана тілдесе алды. Оның өзінде де шенеуніктер келген кәсіпкерлерді кездеспей-ақ кері қайтаруға тырысты. Ат терлетіп келген құрылтайшылар дегенінен таймай, тұрып алған соң ғана Министр орынбасары Майра Мелдебекова келді.
Ол бұл мәселенің жүйелі екенін мойындаса да, қаражаттың қашан берілетінін айта алмады.
-Әр өңірдің жағдайы әртүрлі. Бір облыс тек бір-екі айға ғана қаражат таба алады. Бұл – күрделі мәселе, бірнеше жыл қордаланған түйін. Бюджеттік заңнамаға сәйкес әр аймақтың мүмкіндігі ескеріліп, шешім қабылданады. Бір ай, екі ай немес алты ай. нақты қазір жауап бере алмаймын. Қазір Үкіметке барамын. Сонда талқылаймыз,– деді ол.
Мәселе жуырда Сенатта да көтерілді. Депутаттар жекеменшік мектеп мұғалімдерінің айлап жалақысыз жүргенін сынап, Үкіметтен нақты шешім талап етті. Сенатор Нұрия Ниязова:
-Мамыр мен сәуірдің жалақысы берілмей отыр. Әңгіме балалар мен ұстаздар тағдыры туралы болып отыр ғой, – деп ашық айтты.
Мәжілісмен Бақытжан Базарбек те Үкіметті жауапкершіліктен қашпауды ескертіп, парламенттік деңгейде шешу керектігін айтты.
-Бұл жерде мектептер кінәлі емес. Қаржыны төлеу – мемлекеттің мойнындағы міндет. Шартта көрсетілгеннен кейін төлеу керек, – деді ол.
Кезінде министрлікті басқарған Асхат Аймағамбетов те пікір білдіріп, мемлекет өз уәдесін орындауы тиіс екенін айтты.
-Жекеменшік сектор үш ауысымдық мектеп мәселесін шешудің негізгі тетігі болды. Біз жан басына қаржыландыру арқылы үлкен реформа жасадық. Сондықтан мемлекет кешіктірмей төлеуі қажет, – дейді ол.
Қазақстанда үш ауысымды мектептер мен апаттық жағдайдағы білім ошақтарын азайту үшін мемлекет 2017 жылдан бастап жекеменшік секторға есік ашқан еді. “Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік” негізінде салынған жаңа мектептерге мемлекет жан басына шаққан қаржыландыру беріп отыруға міндеттелді.
Бұл саясат алғашқы жылдары нәтиже берді. Бес-алты жыл ішінде жекеменшік мектептердің саны 25-тен 744-ке дейін өсті. Қазір мұнда 290 мыңнан астам бала білім алып жүр.
Алайда қаржыландыру механизмі өзгерген соң, дағдарыс басталды. 2024 жылдан бастап бұл міндетті орталықтан емес, жергілікті әкімдіктердің бюджеті арқылы атқару көзделді. Бірақ аймақтардағы қаржы тапшылығы кесірінен төлемдер кешігіп, берешек қордаланды.
Қазақстанда жүздеген жекеменшік мектептің жабылу қаупі бар. Бұл – мыңдаған ұстаздың жұмысы, жүздеген мың баланың тағдыры.
Мәселені “облыс өзі шешсін” деп ысырып қою – уақыт ұту ғана. Шын мәнінде Үкіметтің өзі бастаған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саясатының жауапкершілігін Үкіметтің өзі арқалауы тиіс.
Бүгінгі сауал сол күйі ашық тұр: жалақы мен берешек қашан өтеледі, балалардың мектебі жабылып қалмай ма?