×
549.15
643.88
6.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
549.15
643.88
6.71

«ҚМГ» басшысы топ-менеджерлердің бизнес-джетпен ұшуын қалай түсіндірді?

Бүгін, 13:02
«ҚМГ» басшысы топ-менеджерлердің бизнес-джетпен ұшуын қалай түсіндірді?
Ulysmedia.kz коллажы

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов компанияның топ-менеджментінің бизнес-джеттермен ұшуына қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұған дейін БАҚ-та ұлттық компаниялардың топ-менеджменті бизнес-джеттермен ұшады деген ақпарат тараған еді. Хасеновтің айтуынша, бұл шындыққа жанаспайды.

– Біз тұрақты рейстермен ұшамыз. Әрдайым дереккөздерді тексеру қажет екенін айтамыз. Біріншіден, біз бизнес-джеттерді қолданамыз делінді. Бұл – шындыққа сай емес. «ҚазМұнайГаз» бизнес-джеттерді пайдаланбайды, бірақ корпоративтік тұрғыда ол рұқсат етілген. Егер арнайы процедуралар мен рұқсаттар болса ғана. Екіншіден, бірнеше рейс көрсетілген. Бизнес-джеттердің барлық ұшуларын алып, оны «ҚазМұнайГаз» деп көрсеткен. Шын мәнінде, біздің оған қатысымыз жоқ. Аталған рейске келсек, ол жерде тек «ҚазМұнайГаздың» өкілдері ғана болмаған. Ұшақты біз таңдаған жоқпыз, оны біздің серіктестер ұсынды, – деді Хасенов.

ҚМГ басшысының айтуынша, мұнайшылар күні қарсаңында компания қызметкерлері бір күнде әрі Астанада, әрі Атырау мұнай өңдеу зауытында бірнеше іс-шараға қатысуы керек болған.

– Біз ұшып бара алмайтын жағдайда, логистика өте күрделі болғанда, билеттер тапшы немесе шұғыл бару қажет болғанда көптеген серіктесіміз бізге көмектеседі. Сол күні мұнайшылар күніне арналған бірқатар іс-шара өтті, көптеген жиын болды. Астанада көптеген іс-шара өтіп жатты, ал кешке біз Атырау МӨЗ-де болуымыз керек еді, – деді Хасенов.

КОНТЕКСТ

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақұпов та бұған дейін журналистердің «ҚазМұнайГаз» топ-менеджментінің бизнес-джеттерді пайдалануы туралы сұрақтарына жауап беруге тырысқан еді.

2025 жылғы қаңтардың соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның салық жүйесін реформалау жоспарын таныстырған болатын. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер кабинетін бюджет қаражатын үнемдеуге және оны тек аса маңызды мәселелерге жұмсауға міндеттеді. Ол кезде мемлекет басшысы «көрпеге қарай көсіліп өмір сүретін уақыт келді» деген еді.

Серіктес жаңалықтары