×
549.15
643.88
6.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
549.15
643.88
6.71

«Қайырымды алаяқ»: алматылық блогердің жазасы қандай болмақ

Бүгін, 21:35
«Қайырымды алаяқ»: алматылық блогердің жазасы қандай болмақ
Әлеуметтік желіден

Алматыда «Елге көмек» қорының басшысы, өзін «қазақ Робин Гуды» деп атайтын блогер Ильяс Сариевтің соты жалғасуда. Ол бірнеше рет алаяқтық жасады деп айыпталды, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

УӘДЕСІН ОРЫНДАМАҒАН

600 мыңнан астам жазылушысы бар Сариев әлеуметтік желіде науқастарға ақша жинап, халыққа көмектесуді мақсат ететінін айтқан. Алайда тергеу дерегінше, ол ауыр науқастардың туыстарынан видео жариялаймын деп қаражат алып, уәдесін орындамаған. Алты адам зардап шеккен.

Сонымен қатар, ол бірге айыпталып жатқан Актоты Дүйсеевамен бірге MM Travel компаниясы арқылы қажылық пен умра сапарына жолдама сатқан. Бірақ 21 адам ақшасын төлесе де, Меккеге бара алмады.

САРИЕВТІҢ СОТТА АЙТҚАНЫ

2 қазанда өткен отырыста Сариев зардап шеккендерден кешірім сұрап, көз жасына ерік берді. Оның айтуынша, ақша командасына жалақы төлеуге және жеке бизнесіне жұмсалған.

– Мен 70 отбасыға үй, 200-ден астам адамға тегін қажылыққа мүмкіндік бердім. Бірақ мені қиын сәтте ешкім қолдамады, – деді ол.

Айыпталушы өзіне тағылған айыптарды толық мойындамайды. Ол өзін «Робин Гуд» деп атағанын жоққа шығарып, бұл атауды алғаш рет имам қолданғанын айтты.

ҚАРЫЗ ЖӘНЕ ҚҰМАР ОЙЫН

Сотта бір жәбірленуші Сариевтің өтінішімен 6 миллион теңге несие алғанын, бірақ блогер бұл ақшаны қарыздарын жабуға жұмсағанын жеткізді. Сонымен бірге, Сариевтің серіктесі Дүйсеева ақша құмар ойындарға кеткенін айтқан. Бірақ ол мұны жоққа шығарды.

ҚАНДАЙ ЖАЗА КҮТІЛЕДІ?

Сариев пен Дүйсеева Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлімі, 4-тармағы («Қайталанған алаяқтық») бойынша айыпталуда. Егер кінәсі дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары