Қарағандылық экологтар елде климаттың жылынуы және соның салдарынан су тапшылығы байқалып отырғанын атап өтті. Сарапшылар экология және табиғи ресурстар министрлігінің аналитикалық деректеріне сүйеніп, осындай мәлімдеме жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мәліметтерге сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстандағы өзен суының қоры айтарлықтай өзгереді. Егер таулы өзендер бассейндерінде су қоры сәл артатын болса, жазық өзендер бассейндерінде, керісінше, азаяды. Бұл су айдындарының тартылуына, судың сапасының нашарлауына және жалпы тіршілік көзі саналатын су үшін бәсекенің күшеюіне алып келуі мүмкін. Су үнемдеу шараларын іске асыру үшін экологтар ауыл шаруашылығында тамшылатып суару жүйесін енгізуді, өнеркәсіп орындарында суды үнемдеп пайдалануды ұсынады. Сонымен қатар, барлық қалаларды бөлек су жүйесіне көшіру, яғни ауыз суды көгалдарға суару үшін пайдаланбау ұсынылады. Сондай-ақ, суды есептеу құралдарын бүкіл ел бойынша орнату қажет.
– Қазақстанда су жылдан жылға азайып барады. Көктемгі тасқын көп адамдарда судың молдығы туралы елес тудырады, бірақ шын мәнінде олай емес. Алдағы уақытта су тапшылығы мәселесі Қазақстан үшін барған сайын өзекті бола түседі. Бұл мұздықтардан бастау алатын трансшекаралық өзендерге де, ішкі су ресурстарына да қатысты. Қазіргі таңда су үнемдеу мәселелері экономиканың барлық секторларын қамтуы және халықты да қамтуы тиіс, – деді Қарағанды экомузейінің ақпараттық бағдарламалар жөніндегі үйлестірушісі Ирина Игнатович «Астана» телеарнасына берген сұхбатында.
БҰҒАН ДЕЙІН
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда енді әрбір азаматқа тәулігіне 140 литр ауыз судан артық қолдануға болмайтыны хабарланған болатын. Жаңа тәртіпті бұзғандар үшін тариф 30 пайызға қымбаттайды.