Парламент мәжілісінің экс-депутаты, Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша апелляциялық сот басталды. Істі Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы қарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
8 қазанда өткен сот отырысында сотталушы Ернар Жиембайдың қорғау тарапы бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, істі қайта саралауды сұрады.
«Сот үкімін бұзып, Жиембай Ернар Жиембайұлының іс-әрекетін қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігімен қайта саралап, кінәлі деп танып, кінәсін ішінара мойындауына байланысты ең төменгі, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауын сұраймын», – деді Жиембай Пірәлиев сотта сөйлеген сөзінде.
Руслан Берденовтің адвокаты бірінші инстанциядағы сот үкімімен келіспейтінін айтты. Істі 99-баптың 1-бөлігімен емес, 2-бөлігімен қайта саралау керек деді.
«Сотталушы тарапынан келген апелляциялық шағымның барлығын қанағаттандырусыз қалдыруыңызды сұраймыз», – деді ол.
Үкім және сот процесі
20 тамызда Шымкент соты қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке «қастандық жасады» деп айыпталған «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы Ернар Жиембайды кінәлі деп танып, 9 жылға соттаған. Сот жарыссөзінде прокурор оны 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Ернар Жиембай сотта өзіне тағылған айыпты ішінара мойындаған. Берденовті өлтіргісі келмегенін, тек қорқыту мақсатында мылтық атқанын айтқан. Ол «мылтық атуыма Берденовтің намысыма тиетін сөздер айтып, әйеліме қырындағаны себеп болды» деген.
– Ол [Берденов] «әйелің жезөкше, жәләп болады. Балаң жетім болады» деген сөздер [айтты]. Одан кейін жеке басыма қатысты, «шашың неге түсіп қалған? Мұрын боқ, менімен төбелескің келіп тұр ма? Әйеліңе ..... тұрмайды» деген сөз менің жүйке жүйемді үзді деп айтсам болады, – деген Ернар Жиенбаев сотта берген жауабында.
Руслан Берденов сотта бұл сөздердің барлығын жоққа шығарған. Ол Жиембайдың әйелін танымаймын, мүлде көрмедім деген. Берденов Жиембайдың өзіне мылтық атуын қызметтік мансабымен байланыстырған.
Контекст
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 21 сәуірде сотталушы Ернар Жиембай Шымкент қаласы құрылыс басқармасының салынып жатқан объектілерге мониторинг жүргізу бөлімінің бастығынан ақпарат алған. Ол Жиембайға әкімнің орынбасары Руслан Берденовтің нұсқауы бойынша «Тұрғынүй Шымкент» ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кетуі керектігін айтқан.Осыдан кейін «кек алу» мақсатында оған қарсы оқ атқан.
Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында «қастандық жасалып», оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді.