Ресейлік әртістер Грузия мен Әзербайжанға барудан бас тартып, соның орнына Қазақстанда жиі өнер көрсетіп жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Журналист Рауль Упоровтың пікірінше, қазақстандық қоғам ресейлік әртістердің «гастрольдік таңдауларына» әсер ете алады. Дәл сол сияқты, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін өз ұстанымын айқын көрсеткен Грузия мен Әзербайжан халқы да әсер еткен. Ал Қазақстанға, оның айтуынша, ресейліктер тек табыс табу үшін келеді, өйткені ТМД-ның басқа елдерінде оларды көргісі келмейді.
– Неліктен мен мұның біздің қоғамға байланысты екеніне сенімдімін? Себебі, мысалы, Полина Гагарина секілді ешбір әртістің ойына Грузияға, Тбилисиге бару келмейді. Бармайды, өйткені ол елдің беделі белгілі, жергілікті халық олардың концертіне бармайды. Барса да, тек қызанақ лақтырып шығуы мүмкін. Немесе олар, бәлкім, Әзербайжанға да бармайды, антипутиндік көңіл-күй басым, отарсыздану жүріп қойған елдерге бармайды. Ал неге екені белгісіз, бізге келеді. Бізге дейін Познер осылай жиі келіп жүрді ме? Жоқ. Бұл адамдар бізден жай ғана ақша табу үшін келетінін түсіну керек. Біз олар үшін онша қызық емеспіз, – деді ол Airan-ға берген сұхбатында.
КОНТЕКСТ
Әлеуметтік желілерде Тиматидің Қазақстандағы концерттері туралы пікірталастар әлі жалғасуда. Көптеген қолданушылар соғысты қолдайтын адамдардың елімізде өнер көрсетуіне қарсы екенін жазып жатыр. Сондай-ақ, әншінің концертін тоқтатуға шақырған петиция да жарияланды.