Болат Назарбаевтың ұлы, бұрынғы преизденттің інісі Нұрбол Назарбаев банкрот деп танылды. Бірақ депутаттар мен қоғам белсенділері бұл істің айналасында көп сұрақтың ашылмағанын айтады.
Бірер күн бұрын Нұрбол Назарбаев сотқа банкрот деп танылуға өтініш бергені мәлім болды. Ресми дерек бойынша, оның қарызы – 57,9 миллиард теңге.
Активтерді қайтару жөніндегі комитет оның банктік шоттарын бұғаттап, мүліктерін тәркілеп, компанияларындағы үлестеріне шектеу қойған. Сонымен қатар, оған елден шығуға тыйым салынған.
Енді ол бес жыл бойы несие ала алмайды және жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алмайды. Сондай ақ, ірі мәмілелер мен табыстар туралы уәкілетті органдарға хабарлап отыруы тиіс.
Сот шешімімен оның барлық мүлкі борышты өтеуге жұмсалады. Тек бір баспана мен бірінші қажеттіліктегі заттар ғана өзінде қалмақ.
Бас прокуратура жанындағы активтерді қайтару комитеті бұған дейін Нұрбол Назарбаевқа тиесілі 57 миллиард теңге көлеміндегі активтерді мемлекет меншігіне өткізгенін хабарлаған.
Оның ішінде жылжымайтын мүлік, банк шоттары және бизнес үлестері бар.
Ринат Зайытовтың пікірінше, бұл Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі бар активтер емес. Ол «жасырылған мүлік пен табыстар» болуы мүмкін деп санайды және тиісті органдарды толыққанды тергеу жүргізуге шақырды.
— Бұл жерде сөз активтерді мемлекетке қайтару емес, оның өз қарыздарын өтеуі туралы болып отыр. Егер адам банкрот деп жарияланса, оның барлық табысы мен мүлкі есепке алынуы тиіс, — деді депутат.
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарына тиесілі активтер бойынша жұмыстар активтерді қайтару комитеті арқылы жүргізіліп келеді. Комитеттің есебінше, жалпы елге қайтарылған заңсыз иеленген қаражат пен мүлік көлемі бірнеше жүз миллион долларды құраған.
Айта кетейік, қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Активтерді қайтару комитетін Инвесторларды қорғау комитеті ретінде қайта құруды тапсырған болатын.